Aудан әкімінің міндетін атқарушы Жансултан Сейтжанов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесіне орай өңіріміздегі бір топ журналистермен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қоғаммен кері байланыс орнатудағы БАҚ-тың рөліне тоқталып, журналистердің өңіріміздің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Ол сөз сөзінде: «Бұқаралық ақпарат құралдары – бұл үлкен күш. Билік пен халықтың арасын байланыстырып, біздің назарымыздан тыс қалып жатқан өзекті мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуына үлес қосып келесіздер. Ақпарат тарату, жеткізу қай кезеңде де қоғам өмірінде айрықша орын алған болса, бүгінгі жаһандану дәуірінде оның маңыздылығы бірнеше есе арта түскен. БАҚ саласы билік пен қоғамның арасында ортасына алтын көпір бола береді деген сенімдемін. Аудан игілігі үшін бірлесе жасайтын жұмыстарымыз жалғасын таба берсін», — деді.
Келелі кездесуде өңірімізге белгілі Балтабек Түйетаев, Әсет Әссанди, Ерсұлтан Әмірбек, Фазылбек Тұтқабай, Дәурен Әбдіраманов, Қайрат Кәрібаев, Азат Дидарбек, Айгүл Мамыт, Базаркүл Қалбыр, Қаламқас Ботабекова, Салтанат Нұрдәулетқызы секілді ақпарат саласының мамандары жүрекжарды лебіздерін айтып, аудан басшысының журналистер қауымына деген құрметіне шынайы ризашылықтарын жеткізді. Сондай-ақ, ауданның жылнамасына айналған «Отырар алқабы» газетінің ардагер журналистері Рысбек Құлжан, Әбдімәлік Белгібай, Оразбай Мұратовтар мен жас қаламгер Азат Әмірбеков те ыстық ықыласқа толы ізгі тілектерін айтып, алғысқа толы сезімдерін ерекше тебіреніспен жеткізді.
Жиында жоғары кәсіби шеберлігі үшін БАҚ қызметкерлеріне және аудандық журналистиканы дамытуға айрықша үлес қосқан медиа майталмандарына аудан әкімінің «Алғыс хаттары» мен бағалы силықтар табысталды.
© Didarbek.kz