Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » БҮГІННІҢ БАҺАДҮРІ, БӘРІМІЗДІҢ БАУЫРЫМЫЗ БАҚТИЯР

БҮГІННІҢ БАҺАДҮРІ, БӘРІМІЗДІҢ БАУЫРЫМЫЗ БАҚТИЯР

Ұлт газеті «Егемен Қазақстанның» Оңтүстік Қазақстан облысындағы өз тілшісі Бақтияр Тайжан ротация тәртібімен еліміздің бас басылымының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметіне кірісті. Әріптес-бауырымызға жаңа жұмысында сәттілік тілей отырып, ол жөнінде ой толғамай кету мүмкін емес сияқты.

Елімізге танымал журналист, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тізгінін ұзақ жыл берік ұстаған басшы, қаламымен қарымды мәселе қозғап, қарапайым тұрғын сөзін сөйлеген, талай спорттық доданы оқырманға дер кезінде дәл жеткізе білген қаламгер өз еңбекқорлығымен және адамгершілігімен танылған нағыз азамат. Оңтүстікпен біте қайнасып кеткені соншалық, оның өмірбаянын тілге тиек еткендер Шымкентте дүниеге келді деп жатады. Бұдан асырып баға беру де мүмкін емес сияқты. Біздің өңірімізде дос көбейтіп, бауыр арттырып, есепсіз жолдас тапқан Бақтиярдың «жауы жоқ» дейді. Әрине, өзі ешкімді жау көрген жоқ, ешкімге қиянат жасаған емес. Десек те…

Бақтияр Тайжан да іштарлықтың, көреалмаушылықтың құрбаны болды. Өз өмірінде мансап қумаған, қызметке жабысып көрмеген абзал азамат «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тізгінін өз еркімен тапсырып кеткен басылым тарихындағы жалғыз редактор екенін де білеміз. Бақтиярдың абырой-беделі артқаны соншалық, «мен баратын орынға барып қоя ма?» деген қауіппен Оңтүстікке белгілі бір спорт «майталманы» оның сыртынан қыруар арыз ұйымдастырып, қара бояуға әбден батырмақ болған әрекеті белгілі болды. Бақтияр Тайжан ешкімнен ешқашан қызмет сұрамаса да, одан қауіптенген осындай пасық адамдар айналасынан біреу болса да, табылды. Бір қызығы, оған дейін қойын-қолтығына кіріп, бауыр атанып жүрген жақын «жолдасы» екен оны істеген. Қуанатыны, ондай адам айналасында бір ғана рет кездесті. Иә, ел болған соң, ондай-ондай болып тұратыны заңды екен. «Адам аласы ішінде» деген осы-ау, шамасы.

Бірақ, Бақтияр ренжіген де жоқ, кек те сақтаған жоқ. Осынысымен Б.Тайжан одан сайын биіктей түсті, абырой-беделі асқақтап кетті.

Ендігі жерде Бақтияр-бауырымыз дос арттыруға қасиетті Ақмешітке аттанды. Лайым солай болсын! Болашақта: «Бақтияр алдымен Шымкентте, одан кейін Қызылордада дүниеге келген!» дегенді еститін болайық! Жұмысың жемісті, жүрісің келісті болсын, Бақтияр-бауыр!..

Ә.Ә.

Пікір жазу