Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев күрдеулі жөндеуден өтіп жатқан бірқатар мектептерді аралап, құрылыс барысын бақылады, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Төлеби Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан басшысы аудан орталығынан шалғай жатқан тау баурайындағы 136 оқушы білім алатын Қостөбе шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты. Мердігер мекеме “Радуга СН” ЖШС-нің басшысымен кездесіп, есік, терезе, жылу жүйесін, едендерін ауыстыру, ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізу барысына көңіл бөлді. Құрылыс жұмыстары жобалық-сметалық құжатта көрсетілгендей өндірістік кестеге сәйкес атқарылуда.
Төлеби ауданында күрделі жөндеуден өтіп жатқан екінші білім ошағы — Кеңесарық елді мекеніндегі Б.Биболатұлы атындағы жалпы білім беретін мектебі. 1991 жылы негізі қаланған білім ордасында 504 оқушы білім алуда. Былтырғы жылы мектеп ғимаратының жертөлесі бұлақ көзінен шыққан суға толып қалып, біршама әбігерге салғандықтан, комисиия шешімімен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет деп табылған болатын. Мердігер — «Vek-Stroy-Com» ЖШС-і қазіргі кезде ғимараттың еденінен бастап шатырына дейін ауыстыру, ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізуде.
Қазақстан жалпы білім беретін мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 360 оқушы білім алатын мектептің құрылысын “Trendim KZ”ЖШС жүргізуде.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы білім беру нысандарында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеудің жұмыс сапасын қадағалады. Мердігер мекеме өкілдеріне жұмысты тоқтатпауды тапсырып, атқарылған жұмыстарға қаражат толық төленетінін жеткізді. Қостөбе мектебінің қазіргі уақытта тиісті жұмыстардың 70 пайызы орындалған. Ғимараттардағы құрылыс жұмыстары сапалы әрі көрсетілген кестеге сай жүргізілуі қажеттігін айтқан аудан әкімі балалардың жайлы мектепте білім алуы үшін атқарылып жатқан жұмыстарда кемшілікке жол берілмеуі керектігін ескертті.
Жұмыс сапарын білім беру ошақтарының құрылыс жұмыстарын бақылауға арнаған аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы Кеңесарық елді мекеніндегі «Балауса» балабақшасына барып, атқарылған жұмыс нәтижесімен, қосымша ғимарат құрылысымен танысты.
© Didarbek.kz