Арыс қаласы тазалығымен көз тартып, тотыдай таранып тұрса – бұл «Жасыл Арыс» КММ-нің қызметкерлерінің еңбегінің жемісі, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Арыс Қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл – он екі ай шаһардың орталық даңғылдарынан бастап, көше-көшелерін сыпырып, тал отырғызып, әктеп қураған бұталарды қырқып, көгалдарды реттеп, таңның атысы, кештің батысы күйбеңі бітпейтін мекеме жұмысшыларын байқамау мүмкін емес.
Бүгінде мекеме қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала көшелеріндегі діңі қурап, тұрғындарға қауіп келтіретін тал түптерін қырқу жұмыстарын жүргізді.
«Игі істің басына – жақсы келер қасына» демекші, аталған шараға «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Арыс аудандық электр жүйесі мекемесі де қалыс қалмай, арнайы техника бөлді.
Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың қауіпсіздігі артты. Себебі қураған талдар қатты жел мен жауын-шашын кезінде құлау қаупін тудыратыны сөзсіз.
© Didarbek.kz