Биылғы жылы аудан орталығындағы Нұршуақ мөлтек ауданынан 20 пәтерлік екі көп қабатты тұрғын үйдің және Бақыбек мөлтек ауданынан 48 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда, нысандардың қабырғасын және ірге тасын қалау жұмыстары жеке кәсіпкерлер есебінен атқарылуда, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Түлкібас Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұриддин Ештаев баяндады.
Жалпы бүгінгі таңда, аудан аумағында үш мың екі жүзден астам азамат тұрғын-үй кезегінде тұр. Аталған нысандардың құрылысы аяқталса, мемлекет теңгеріміне сатып алынып, үй кезегінде тұрған азаматтарға жалдамалы тұрғын-үй ретінде(арендалық) Заң талаптарына сай үйлестірілетін болады.
Бұдан бөлек, лездемелік жиында құрылыс, ауыз су, газ және жарықтандыру саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, ауыл-аймақтың тазалық мәселесі қаралды.
Күн тәртібіндегі барлық мәселе толық қаралып болған соң аудан басшысы аудан аумағындағы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуы, әр нысанның сыртың жауын-шашынға төзімді материалмен қапталуы және қажетті инфроқұрылыммен толық қамтылуы мен есік алдын абаттандыру бойынша жауапты орынбасары мен бөлім басшысына нақты тапсырмалар жүктеп, өзі жіті бақылауында ұстайтындығын жеткізді.
Елді мекендердегі жаңа құрылыс көшелеріне бірінші кезекте қажетті ауыз су және газ кіргізу мәселесіне ерекше тоқталып, тиісті бөлім басшысына бұл бағыттағы жұмыстарды қайта нақтылап, ұсыныс дайындау керектігін ескертті.
Сонымен қатар, ауыл-аймақтың тазалығы күн тәртібінен ешқашан түспейтінін атап өткен Нұржан Жақсылықұлы, елді мекендердің ішкі көшелеріндегі тазаланбаған тұстарын ретке келтіру бойынша біршама ауыл әкімдеріне мерзім белгілеп, тез арада ретке келтіріп, нәтижесін баяндауды тапсырды.
© Didarbek.kz