Түлкібас ауданында аудандық прокуратураның жаңа ғимараты ашылды. Аталған ғимараттың ашылуына орай, салтанатты рәсім болып, оған облыс Прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мекеме басшылары, ауыл ақсақалдары және БАҚ өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Түлкібас Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауданда 1997 жылы ашылған аудан прокуратурасының қызметкерлері осы уақытқа дейін өткен ғасырдың орта тұсында бой көтерген ескі ғимаратты пайдаланып келген-ді. Енді міне, көркімен көпшілік көзінің жанарын алатын, заман талабына сай жаңа ғимаратқа ие болып отыр.
Прокуратура ұжымын облыс Прокуроры Мұрат Әжінұрұлы және облыс әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы жаңа ғимараттарымен құттықтап, бұл ғимарат Мемлекет басшысының қадағалаушы органдардың қажеттіліктері мен сұраныстарына, прокуратура қызметкерлерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен әлеуметтік кепілдермен қамтамасыз етілуіне жасап отырған тұрақты қамқорлығының белгісі болып табылатындығын жеткізіп, облыс Прокуроры жаңа ғимараттың бой көтеруіне ықпал жасаған облыс әкімі мен аудан әкіміне алғысын білдірді.
Аудандық құқық қорғау саласы қызметкерлерінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы Сауран Танатбаевтың батасынан соң жаңа ғимараттың лента қию рәсімі өтіп, жиналған қауым нысанды аралап, танысты.
Содан соң, келген қонақтар ғимарат ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, ауыл бейнесіне көрік қосып тұрған заманауи ғимараттың алдын көгалдандыруға өз үлестерін қосты.
© Didarbek.kz