Аудан әкімі Кайрат Жолдыбайұлы түс ауа Қарғалы ауыл округінде болып, өзекті мәселелермен танысты, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елді мекендегі шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ететін Д.Алтынбеков каналының аяқ жағын бетонмен қаптау тұрғындар үшін өзекті мәселенің бірі. Аталған жұмыстар іске асқан жағдайда Отырар ауылындағы қосымша 500 гектар жерді ағын сумен толық қамту мүмкіндігі артады. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы «Отырар» өндірістік бөлімшесінің басшысы Мубарак Аңламасұлының айтуынша каналдың аяқ жағындағы 16 шақырым бөлігін бетонмен қаптау жұмыстарының жобалық сметалық құжаттары рәсімделіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылған. Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін тиісті қаржы қаралып, бетондау жұмыстары атқарылады деп күтілуде.
Аталған жобаның маңыздылығын айтқан аудан басшысы заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды жауапты мамандарға тапсырып, сала басшыларына бақылауға алуды жүктеді.
Мұнан соң Отырар елді мекенінің ауыз су жүйесінің жай-күйімен танысты. Ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2012 жылы жүргізілген ауыз су жүйесі қазіргі таңда ескірген. Су құбырлары жиі бұзылып жататынын айтқан ауыл тұрғындары су жүйесін жаңарту керектігін айтты.
Тұрғындардың өтінішін тыңдаған аудан әкімі елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі екенін айтып, жауапты сала басшыларына заң шеңберінде нақты тапсырма берді.
Аралау барысында аудан басшысы Отырар ауылындағы жалпы білім беретін мектеп жайына барып, әлеуметтік маңызы бар нысанның қазіргі жай-күйімен танысты. 2009 жылы бой көтерген оқу ордасында 340 оқушы білім алады. Білім ұясында 1 педагог-шебер, 7 педагог-зерттеуші, 16 педагог-сарапшы, 15 педагог-модератор, жалпы 61 мұғалім сабақ береді.
Білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасымен танысқан аудан әкімі мектептің жаңа оқу жылына дайындығын пысықтап, білім беру саласы мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
© Didarbek.kz