Арыс қаласы — Қазақстанның маңызды теміржол торабы саналатыны белгілі, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Арыс Қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде қаланы толықтай газдандыруға бағытталған қарқынды жұмыстарды жүргізілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сапасын арттырып, экологиялық таза және тиімді энергия көзіне қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Осыған байланысты қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың тапсырмасымен құрылған жұмысшы топ өкілдері қаламыздағы ең ірі салалардың бірі саналатын теміржолшылармен кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты — тұрғындарды газдандыру процесімен таныстыру және жылыту маусымы басталмай тұрып газға қосылудың маңызды екендігін түсіндіру болды.
Кездесу барысында «Жібек жолы – Келес газ» мекемесінің басшылығы теміржолшыларға газға қосылудың артықшылықтары, қауіпсіздік шаралары және қажетті құжаттарды рәсімдеу жолдары туралы толық ақпарат берді. Бүгінгі таңда қала орталығын газға қосу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Ал бұл – 6 мыңнан астам абонент.
Сондықтан, басты мәселе – жылыту маусымына дейін барлық құжаттарды рәсімдеп, үй ішіне дейін монтаждау жұмыстарын аяқтап, дайын болуға шақырды.
Теміржолшылар бұл бастаманы қолдап, газдандыру процесінің артықшылықтарын түсінді. Сондай-ақ көкейдегі сауалдарын қойып, тиісті жауаптар берілді.
Арыс қаласының газдандыру жобасы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Сондықтан, «қыстың қамын жаз ойла» дегендей, барша тұрғындарды үй ішіне дейін газ монтаждау жұмыстарын жүргізіп, тиісті құжаттарды рәсімдеп алуға шақырамыз.
© Didarbek.kz