“Таза Қазақстан” экоакциясы аясында аудан орталығы Шәуілдір ауылында ауыл тұрғындары мен барлық мекеме қызметкерлерінің қатысуымен жалпыхалықтық сенбілік өтті, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенбілік жұмыстары барысында көшелер мен саябақтар, арық-атыздар тазаланып, егілген көшет талдар суғарылды. Сенбілікке шыққан көпшілік бірлесіп орталық көше бойларындағы қоршауларды сырлап, ретсіз ағаш бұтақтарын шауып, әрлеу жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек арнайы орындар мен мекемелердің қоршаулары сырланып, аудан орталығындағы Ұ.Арғынбеков, Жібек Жолы даңғылдары мен С.Ерубаев, Д.Алтынбеков, М.Әуезов, Н.Оңдасынов көшелерінің бойындағы қураған арам шөптер оталып, қоқыс қалдықтары тазартылды.
Көпшілікті тазалыққа, табиғатқа жанашырлық танытуға үндеген шара тек мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлері тарапынан ғана емес, жергілікті тұрғындардың да қызу қолдауына ие болды. Сенбілік жұмыстарына аудан орталығынан бөлек барлық ауыл округтерінің тұрғындары да қатысып, белсенділік танытты.
Жалпыхалықтық шара барысында ауызбіршілік пен ынтымақтың ерен үлгісін көрсеткен көпшілік көңілді әрі белсенді қимылдап, тазалық жұмыстарына біркісідей атсалысты.
© Didarbek.kz