Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қазақстан жаңалықтары » ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Шымкент қаласындағы «Тәуелсіздік» саябағында 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік жиынға зиялы қауым өкілдері, жастар, ардагерлер, түрлі этнос өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Алдымен, мерекелік алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ұлықталып, Мемлекеттік Гимні шырқалды.
Бүгінде еліміздің мемлекеттік рәміздері дүниежүзіне кеңінен танылды. Қазақ елін осы рәміздеріміз арқылы әлемдік қоғамдастық толық мойындады. Тарихқа жүгінсек, 1992 жылы 4 маусым тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Алғашқыда Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған Мемлекеттік кеңестің талқылауына Тудың – 1200, Елтаңбаның – 245, Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған екен.
Салтанатты шарада шымкенттік әншілер «Егемен елім», «Қазағым менің», «Көк тудың желбірегені» т.б. әндерді нәшіне келтіре орындады. Шара барысында қала өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Жастарды отансүйгіш, патриот етіп тәрбиелеудің негізгі жолы – ұлттық рәміздерді насихаттау. Бұл орайда, елімізді, жерімізді, рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеу, патриоттық сезімін нығайту – әрбір азаматтың парызы! Туған жер деген киелі ұғымды әрбір қазақстандық құрмет тұтуға, қастерлеуге тиіс.
Мемлекеттік рәміздер — халқымыздың мұқалмас рухын, еркіндігі мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды байлығымыз.
Сонымен бірге, бүгін қаладағы «Достық үйінде» Мемлекеттік рәміздер күні мен Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Көк ту, көк аспан – бiрлiгiмiз жарасқан!» мерекелік іс-шарасы өтті.
Іс-шараға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Кеуенова қатысып, балаларды құттықтап, мерекеде өнер көрсетіп, викториналық сұрақтарға жауап берген балақайларға сыйлықтар тапсырды.
– Ту, Елтаңба және Әнұран – біздің ұлттық мақтанышымыз, тарихымыздың, мәдениетіміздің және болашаққа деген сеніміміздің көрінісі. Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың парызы. Оларды биік ұстау арқылы біз бірлігімізді, тәуелсіздігімізді және болашаққа деген сенімімізді нығайтамыз. Бұл күн әрқайсымызға елімізге деген мақтаныш сезімін сыйлап, ұлтжандылық рухын арттырады, — дейді Шымкент қаласы өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нышанбаев.
Жиналған көпшілікке №1 Оқушылар сарайының «Akkum Dance» би тобы, «Алтын ғасыр» әншілер тобы сынды бірқатар өнерпаздар өнерлерін паш етті. Ал, аниматор-қуыршақтар бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік іс-шарада балалар үшін арнайы батуттар құрылып, бірқатар ойын алаңдары ұйымдастырылды. Сайыстарда белсенділік танытқан жеткіншектерге арнайы сыйлықтар беріледі. Балаларға балмұздақтар таратылып, шағын фуршет ұйымдастырылды.
Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болған іс-шараға 300-ге жуық бала қатысты.

Пікір жазу