Несі бар, туризм астанасына айналатындай шырайлы Шымқаламыздың толық мүмкіндігі жетерлік. Осындағы әлеуметтік нысандар мен демалыс орындары, қасиетті орындар мен киелі мекендер, әулиелі жерлер мен көненің көзіндей болып қалған тарихи құнды жәдігерлер – миллиондаған саяхатшылардың назарын күншуақта орын тепкен үшінші мегаполиске еріксіз аударуда. Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімінің туризм секторы Шымшаһарымызда туризмді дамытуға арналған көптеген игі шараларды ұйымдастыруы да жайдан жай емес шығар.
«Шымкентте туризмді дамыту үшін не істеу керек?» – деген сұрақққа туризм саласына қызығушылығы бар қала белсенділері өз ойларын ортаға жиі салып келеді. «Шымкент этно» деп аталатын шарада саяхаттап келушілерді қалай қызықтыру жолдары айтылды. Негізінен, біздің өңірімізге қыдырып келетіндерді әсіресе тарихи-мәдени болмысымыз қызықтырады екен. Ал, сол барымызды насихаттап, жарнамалау жұмыстарын жүргізу – сіз бен біздің ең үлкен міндетіміз екенін бәріміз де білетін шығармыз.
Дәл осы мақсатқа қала қазынасынан жыл сайын миллиондаған қаражат бөлініп келеді. Арнайы түзілген жоспарға сәйкес, Шымкенттің көзтартар жерлері туралы түрлі каталогтар, фотоальбомдар, қала энциклопедиясын жасау қолға алынды. Ол жинақтар қаладағы қонақүйлер мен вокзалдарға таратылатын болады. Бұған қоса, қаладағы туризм жөнінде түрлі бейнероликтер түсіріліп келеді.
Иә, бұл саладағы қызмет сапасын жақсарту – бүгінде өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ол үшін көп қаржының да керегі жоқ. Тек қызмет көрсететіндер ықылас білдіріп, көңіл бөлсе және этнографиялық бұйымдарды жасайтын қолөнер шеберлеріне қолдау көрсетсе болғаны. Осы мақсатта алдағы уақытта туристік фирмалардың жәрмеңкесін жиірек өткізу көзделуде.
Әсет Әссанди