Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қошқар ата өзенінің бастау жағында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл жер – қалада шомылуға рұқсат берілген үш аумақтың бірі. Сондықтан мұнда суға түсуге келетін халықтың қарасы мол. Күнделікті тазалық жұмыстары жүргізілгенмен, қоқыс тез жиналады. Қала тұрғындары, ардагерлер, еріктілер, жасөспірімдер және коммуналдық мекеме қызметкерлері осы аумақты қоқыстан тазартып, өзен бойындағы ағаштарды бұтап, шөбін орып, ретке келтірді.
– Қалада бес аудан аумағында 6 орында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында санитарлық тазалық жұмыстары өтті. Акцияға қала бойынша 1500 адам қатысып, 150 техника жұмылдырылды, – деді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жарылқасын Мәшбек.
Ал, Әл-Фараби ауданы аумағындағы Күншығыс шағынауданының 9, 11, 11а, 13, 33, 37, 96 үй аулаларында және ауданның орталық көшелерінде санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Экологиялық акцияға ауданның тұрғындары, ақсақалдары, ерікті жастар және аудан әкімдігі аппараты қызметкерлері белсенді атсалысып қатысты.
– Тазалық сақтау – барлық тұрғындардың парызы. Қоршаған ортаны ластауға жол бермей, тұрмыстық мәдениетті ұстануға шақырамыз, – дейді ардагерлер.
Акция қатысушылары бұл күні аулалардағы шөптерді орып, 130 түп ағашты бұтап, 1100 түп ағашты әктеді. Сондай-ақ, 2,5 шақырым иригациялық жүйені тазалады.
Жалпы, санитарлық тазалық іс-шарасына 17 арнайы техника, 500-ден астам адам жұмылдырылды.
“Таза Қазақстан” акциясы аясында Еңбекші ауданында бірнеше тұрғын үйдің ауласы тазаланды.
Уәлиханов к-сі, №215,217,241,243 үйлер ауласында өткен тазалық іс-шарасына тұрғындар, тазалық мекемесі, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мүшелері мен еріктілір атсалысты. Жалпы, 300-ге жуық адам, 15 техника жұмылдырылып, ішкі орам көшелерін, Шымкент каналын қоқыстан тазартты. Сондай-ақ, ағаштарды бұтап, түптерін әктеді.