«Туған жерге туыңды тік» деп дана халқымыз бекер айтпаған, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұядан қияға ұшып, ат жалын тартып азамат боп кетсе де, туған жерге деген құштарлық сезім әркімнің ет жүрегінде от болып алаулап тұратыны айдан анық.
Көксарай ауылында ауыл азаматтарының демеушілігімен іске асып жатқан игілікті істер сөзіміздің дәлелі болары сөзсіз. Ауыл орталығынан «Көксарай» естелік саябағы мен спорт кешенін салуға дәнекер болған азаматтардың ісіне ауыл халқы дән риза.
Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жұмыс сапары барысында Көксарай ауыл округінде демеушілер есебінен іске асып жатқан нысандарды аралап, игі іске қолдау көрсеткен кәсіпкерлермен кездесті.
«Көксарай» естелік саябағының аумағы 0,26 гектарды құрайды. «TOLAGAI-2050» ЖШС директоры Жанысбеков Оразханның демеушілігімен салынып жатқан саябақ құрылысы 2024 жылы басталған. Аталған орын ауыл тұрғындары үшін рухани-танымдық маңызы бар орталық болмақ. Сонымен қатар ауыл тұрғындары көптен күткен «Толағай» спорт кешені де ауыл азаматы Нүркен Есмурзаевтың қолдауымен бой көтеруде. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді пайдалана отырып олардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында салынған кешеннің құрылысы 2023 жылы басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызға жуғы аяқталып, жуық арада ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Аудан басшысы игі істердің басында жүрген ауыл азаматтарына шынайы алғысын айтып, туған жерді түлетуге атсалысқан жандарға ризашылығын жеткізді.
Мұнан соң ауыл шаруаларын ағын сумен қамтамасыз ететін «Көксарай» каналында болып, өзекті мәселелермен танысты. 1968 жылы салынған каналдың сыйымдылығы 1,5 куб. Аралау барысында «Көксарай» каналына тоспа салу, «Есіркеп» каналына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу, «Сулы» каналының насосын жаңарту секілді мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, Көксарай ауыз су бекетінің жағдайымен танысып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесуде тұрғындары тарапынан термалды жылы суды мұздату құрылғыларын орнату, Шеңгелді елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін жөндеу секілді өтініштер айтылды.
Аудан әкімі көтерілген мәселелерді саралап, заң шеңберінді тиісті жұмыстарды атқаруды жауапты сала басшыларына тапсырды.
© Didarbek.kz