«AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының ұйымдастыруымен тағлым алар мазмұны ерек, тәрбиелік мәні зор іс-шара өтті, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Түлкібас Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлттық мұра» жобалары шеңберінде «Батагөй қария» байқауы өтіп, аға буынның қоғамды ұйыстырудағы мәртебелі орны айшықталды.
Партияның аумақтық филиалы ұйытқы болған, аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат қолдауын білдірген, аудандық ардагерлер кеңесі мен аудандық мәдениет үйі үлесін қосқан байқау, шын мәнінде, ұлттық болмысты ұлықтаған, халықтық өнер-өнегені әспеттеген керемет іс-шараға айналды. Табиғаты көркем Түлкібас жұртшылығы, ұлттың уызына баланған бата дәстүрін де көркем меңгергенінің куәсі болдық. Іс-шараға қызықтық, қариялар білдірген ізгі тілектерге алақынымызды жайып, қабыл болуын тіледік.
Іс-шараға елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, тәжірибелі дипломат, осы ауданның тумасы Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков қатысып, байқаудың беделін биікке шығарды. Аудан тұрғындары мен замандас жерлестеріне жігерлі сөзін арнаған Зауытбек Тұрысбекұлы, бата беру дәстүрі – ұлтымыздың киесіне баланғанын айтты. Дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақты баталы тілек қана біріктіретінін тебірене жеткізді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметін айта отырып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ ұлттық қауымының тарихи ерекшеліктері, қадір-қасиеті жөнінде қызықты деректер келтірді.
«Қазақта үлкен тұрғанда кіші сөйлемейді деген сөз бар. Бәріміз жас болдық, ақсақалдардың ақылын тыңдап, тәрбиесін алдық. Жастар – жаңашылдықтың жаршысы. Осынысымен жастар – бізден бір батпан артық! Қасиетті Түлкібас жерінен Тұрар Рысқұлов шықты. Батыр Бауыржан Момышұлы – Азаттықта еңбек етті. Шерағаның да туған жері – осы аймақ. Солардың ізін жалғайтын ұрпақ көптеп шықсын!»,- деген тілегін жеткізді.
Байқаудың ашылу рәсімінде сөз алған “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев, Мемлекет басшысы ұлт сапасын жақсартуда бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруды тапсырғанын айтты. Жұртымыздың басын қосатын, ортақ мақсатқа ұйыстыратын қоғамдық құндылықтардың өзегі, біздің – мәдениетімізден, салт-санамыздан басталатынын жеткізді.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп білетін ұлтымыз үшін, аға ұрпақтың жастарға ақыл айтуы, өнеге беруі, жол сілтеуі – тағлымды дәстүр. «AMANAT» партиясы халқымыздың ізгілікке шақыратын дәстүрлерін үнемі қолдап, жалғастыратын болады», — деп атап көрсетті.
Тұрар Рысқұлов ауылындағы мәдениет үйіне жиналған жұртшылықтың қарасы көп болды, көрермендер залы лық толды. Тәлім мен тағлымды арқау еткен іс-шараға аудандағы 15 ауылдық округтер мен кенттік әкімдіктер үлес қосып, әрбірі өз үміткерлерін халықтық өнер дәстүрінің додасына қатыстырды. Осылайша, партия бастамашыл болған іс-шара ауданда жалпыхалықтық жобаға айналып, көрермендері қиқу салған, қолдаушылары көп болған, өнер өрнегі өзгеше іс-шара болды.
Байқаудың көрермендері мұндай жарқын сәтті көптен күткендерін айтып, халықты бір арнаға тоғыстырған «AMANAT» партиясына ризашылықтарын білдіріп жатты. Батагөй ақсақалдардың байқауы мұның алдында да өткізіліп тұрғанымен, партияның ұйытқы болуымен, жоғары дайындықта, барлық аймақтардан қатысушылары іріктелген мазмұнда өтуі бірінші мәрте ұйымдастырылып жатқанын айтып, көңілі толатындарын жеткізді.
Байқауға қатысушы 16 ақсақал өнер додасының ережесі бойынша екі тапсырманы орындап шықты. Оның біріншісі — «Ел бірлігін арттыру – аманат мұраты» тақырыбына арналып, қариялар берекелі бірлік пен ырысты ынтамақты арттыруға шақырған ізгі тілектерін арнады, партияның халықты жұмылдырудағы беделін айшықтап берді. Еркін тақырыптағы бата-тілегін жаудырған қариялар жастарға тәлімді сөзін арнап, күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға байланысты ақыл-тағлым тілектерін жеткізді.
Партиямыздың байырғы мүшесі, Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері Сауранбек Таңатбаев бастаған қазылар алқасына ақжарама тілектері бірінен бірі асып түскен ақсақалдардың ішінен байқаудың жеңімпаздарын анықтау жұмысы оңайға түспеді. Үміткерлердің бәрі шартты орындады, мүлт кеткен жері жоқ. Дегенмен, ақ жауындай жауған тілектердің ішінен ең маңыздысын, ең көркемін, ең мамығын, ең өрнектісі мен көрнектісін анықтаған қазылар алқасының шешімімен: Партия филиалының атқарушы хатшысы Ержан Жүнісовтың алғыс хатымен Арыс ауылдық округінен – Игілік Усеров, Кемербастау ауылдық округінен – Қодарбек Райымбердиев, Майлыкент ауылдық округінен – Тұрғымбек Бердібеков, Састөбе кентінен – Бағысбай Абдиев, Жабағылы ауылдық округінен – Нұрмахан Төлепбергенов марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.
Арнайы номинация иегерлері болып: Жаскешу ауылдық округінен – Арапбай Тойшиев, Тастұмсық ауылдық округінен – Орынбек Бейсенбаев, Келтемашат ауылдық округінен – Салкен Аманов, Рысқұлов ауылдық округінен – Тілеуқұл Елсейітов марапатталып, оларға сыйлықтарды байқаудың қазылар алқасының төрағасы Сауранбек Таңатбаев табыстады.
Үшінші орын иегерлері болып: Ақбиік ауылдық округінен – Қуатбек Байбатша, Балықты ауылдық округінен – Есболған Усеев, Машат ауылдық округінен – Уәлихан Жолдасов танылып, оларға жүлделерді Түлкібас ауданының Құрметті азаматы Қалаубек Анашев табыстады.
Екінші орынға: Шақпақ ауылдық округінен – Мейірбек Өмірқұлов, Майлыкент ауылдық округінен – Аманбай Абдалимов лайықты деп танылып, жүлделерді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қасымбек Сәтбай табыстады.
Байқаудың бірінші орын иегері – Түлкібас кентінен Ермахан Дәулетовке жүлделі сыйлығын “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев табыстаса, Бас жүлде иегері – Мичурин ауылдық округінің ақсақалы Жарылқап Бекжановқа арнайы тағайындалған сыйлықты мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков табыстап, шын ықыласты құттықтауын жеткізді.
Айта кету керек, салт-санамыздың мерейін асырған, дәстүрімізді ұлықтаған осы мазмұндағы іс-шаралар партияның Түркістан облыстық филиалы өңіріміздің барлық аудан, қалаларында өткізіп, тұрғындарды ортақ мақсат аясына біріктіретін болады.
© Didarbek.kz