Қай ұлттың болсын баянды болашағы оның ұрпағымен тікелей байланысты екені сөзсіз. Сондықтан, ата-баба аманатын алысқа апаратын саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында өскелең ұрпақтың тәрбиесі жөнінде сөз қозғады.
«Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Жалпы, дүние жүзіндегі әр ұлт – бірегей. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Табысқа жету үшін жоспарымыз қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделуі керек. Сонда ғана оның бәрі жұртқа түсінікті, анық болады. Яғни, «Қайтсек табысты елге айналамыз?» деген сұрақтың жауабы айқын болуға тиіс», деді Президент.
Осы ретте ол мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар екенін атап өтті. Сондай-ақ ата-аналар баланы мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, ең алдымен, өзі үшін дүниеге әкелетінін айтты. Сол себепті әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс.
«Сол сияқты мектеп те – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай, балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ, белсене атсалысуымыз қажет», деді Президент.
Осы орайда, «Ұлттық тәрбие — ел болашағы» тақырыбы аясында Төлеби аудандық Мәдениет үйінде «Ұлттық тәрбие — ел болашағы» тақырыбында форум өтуде.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы мен аудандық сот бірлесіп ұйымдастырған іс-шара ұлтаралық татулық пен келісімге арналуда.
Форум жұмысын Жастар орталығының басшысы Беглан Мақұлбек жүргізіп, оған аудандық сот төрағасы Ғани Байарыстан, аудан прокуроры Оразәлі Әбдіраманов, аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, «Парасатты Қазақстан» қоғамдық ұйымының мүшелері, білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев қатысып, жиын тақырыбы жөнінде ой-пікірлерін жеткізуде.
Аудандық сот төрағасы Ғани Байарыстан, генерал — майор Ақжігіт Исабеков ұлттық тәрбие, рухани құндылық, жастар тәрбиесі, діни экстремизм, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбы аясында ой қозғады.
Аудан әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы аудандағы саяси ахуал, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Аудан прокуроры Оразәлі Ералханұлы құқықтық сауаттылық, жастар арасындағы құқық бұзушылық, нашақорлық , әлеуметтік желінің қауіпсіздігі жайында ой қозғады.
Жастардың бойында ұлттық сана-сезімді, ата-баба дәстүріне адалдықты сіңіру ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміздің бір тармағы. Отбасында берілетін тәрбие мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің сақталуы, о бастан қастерлеп келе жатқан отбасылық құндылықтарымыздың жалғасы болып табылады.