«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде билік пен бұқара арасында ашық диалог орнауы қажет. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың көтерген мәселесін заң аясында шешу жолдарын қарастыруға арналған жеке қабылдауды аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев жүргізді.
Қабылдауға келген азаматтарды жеке-жеке тыңдаған Лесбек Әуезханұлы әр айтылған өтініш, ұсыныс-пікір, проблеманың шешу жолдары мен орындалу мерзімін сала басшыларымен ақылдаса отырып, түсіндірді.
Көксәйек ауылдық округінен келген бір топ азаматтар ауыз су, ағын суға қатысты туындаған сұрақтарын қойып, Төлеби мектебіне баратын жолды асфальттауды, ішкі көшелерге түнгі жарық шамдарын орнатуды сұранды.
Ленгір қаласы І мөлтек аудан тұрғындары көпқабатты 25 «а» үйдің шатырынан жауынды күндері пәтерлерге су өтіп, үйдің қас бетін бұзып жатқанын айтып, суағар орнатып, жертөледегі кәріз құбырларын ауыстыруды өтінді.
Көксәйек елді мекенінің тұрғыны ауыз судың сапасына наразылық білдіріп, түнгі жарық шамдарын көшенің қарсы бетіне орнатуды, ауыл арасына қоғамдық көлік жүргізуге өтініш айтты.
Шымкент қаласының тұрғыны ауыз су сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық технологияны жүзеге асыруға арналған бизнес жоспарын таныстырды.
Нысанбек елді мекенінің тұрғыны Қақпатас әулиесіне баратын жолды жөндеу жұмыстарына қатысты сұрақтарын қойып, сала мамандарынан кеңес алды.
Көксәйек елді мекенінің тұрғыны жалғыз баспанасының жарамсыз күйге түсуіне байланысты оны жөндеуге көмек сұрап, не болмаса апатты деп танып, «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңына сәйкес пәтер бөлуді өтінді.
Аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуезханұлы жеке қабылдау барысында айтылған барлық мәселелер бойынша тиісті заңдылықтарға сәйкес жұмыстар жасалатындығын айтты. Жауапты сала басшыларына жеке қабылдауға келген әрбір тұрғынның мәселесін бақылауға алу жөнінде тапсырма жүктеді.