Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында атқарушы жүйе жұмысын мейлінше жариялы түрде жүргізуді тапсырған болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымына сай барлық деңгейдегі билік өкілдері әлеуметпен етене болуға қадам жасауда. Әсіресе, өңірдегі тұрғындардың талап-тілегі мен ұсыныс, пікіріне құлақ асу үрдісі қалыптасуда.
Таулы аймақта орналасқанымен Төлеби ауданындағы соңғы жылдардағы ең өзекті мәселе – ауыз су тапшылығы. Бұл жөнінде тұрғындар әлеуметтік желі, жеке қабылдаулар, кездесулерде жиі айтады. Бүгін, ауыз су тапшылығына тап болған Ленгір қаласының тұрғындары аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев өткізген жеке қабылдауға келіп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарының пікірін тыңдады.
Жаздың аптап ыстығында су тапшылығы жиі орын алатындықтан, мәселені түбегейлі шешу жолдары қарастырылуда. Аудан орталығы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында «Көктерек» су тазалау имаратының құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Қондырығы тәулігіне 250 текше метр ауыз суды үш этаппен тазалап, пайдалануға береді. Ал, Ленгір қаласының халқы жаздың күндері 350 текше метр су тұтынғандықтан, қосымша құрылғылар іске қосылуда. Су тазалаушы насос іштен шығуына орай, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде, халықты ауыз су мен қамту ісі ретке келтірілді.
Лесбек Әуесханұлы қабылдауға келген қала халқына су жеткізу бойынша орын алған қолайсыздықтарды түсіндіріп, мәселенің шешу жолдары мен орындалу мерзімін айтты.
Жеке қабылдау барысында Таскешу елді мекенінің бір топ тұрғындарының көтерген ағын су мәселесі талқыланып, Аққұм ауылдық округіндегі мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын жер учаскесіне қатысты тұрғындарға түсіндіріп, сұрақтарына жауап берді.
Қабылдау барысында Лесбек Әуесханұлы әрбір тұрғынның жеке мәселесін тыңдап, сала басшыларына мәселелерді шешу үшін тиісті тапсырмалар жүктей отырып, заңдылыққа сәйкес жауап берді.