Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Әбішов Нұралы Алмаханұлының төрағалығымен көшпелі жиын өтті. Жиынға Түркістан облыстық ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Арынбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық салалық басқарма басшылары қатысты.
Кәсіпкерлердің өзекті мәселелері талқыланған мәжілісті ашып, күн тәртібімен аудан әкімі Төлеген Телғараев таныстырып, жиынның мақсаты мен маңыздылығын түсіндірді. «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төлеби аудандық филалының 2023 жылы атқарған жұмысы жөнінде филиал директоры Маржан Мұсаева баяндама жасады.
2024 жылғы 1 маусымына дейінгі мәліметке сүйенсек, аудан аумағындағы кәсіпорындар саны 11 365 бірлік болса, оның 59 пайызын дара кәсіпкерлер, 32 пайызын шаруа қожалықтар, 9 пайызын заңды тұлғалар құрайды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан осы кезге дейін 914 кәсіпкерлік субъект ашылған. Кәсіпкерлік палатасы жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, кәсіпкерлік саласының дамуына әсер еткен факторлар: мемлекеттік қолдау шаралары туралы халықтың хабардар болуы, жеке кәсіпкерлікті ашудың жеңілдігі және тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізуге мораторий әсері.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша 10 жиын өтсе, онда кәсіпкерлер тарапынан 8 мәселе көтеріліп, 2 ұсыныс түскен. 2024 жылдың 6 айында палата қызметкерлері 525 консультация көрсетіп, инвестициялық жобалар сүйемелденді.
Кəсіпкерлікті дамыту жəне қолдау, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға негізделген жиында Түркістан облыстық сала басшылары кәсіпкерлерді толғандырған сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдап, пікірлерін назарға алды. Көтерілген мәселелердің шешу жолдары талқыланып, орындалу мерзіміне қатысты нақты жауап берілді.
Нұралы Әлмаханұлы кәсіпкерлердің мәселесі назардан тыс қалмай облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері және жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп шешілуі тиіс екендігін атап өтті.