Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдаймыз. Тұрғындарға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмайтын жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандырамыз» деп Үкіметке жаңа міндеттер жүктегені белгілі.
Осы орайда, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік саласын дамыту үшін инвестиция тартуды көздеген кәсіпкерлермен кездесіп, инвест жобаларымен танысты.
Аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы жұмыс сапарын Зертас ауылдық округінен бастап, жеке кәсіпкердің «AZIA MILK» маркасымен іске қосылатын сүт-тауарлы фермасының жобасына көңіл бөлді. Кәсіпкер берген мәліметке сүйенсек, елді мекен шегіндегі 10 гектар аумаққа кәсіпкер израиль технологиясы негізінде ферма ашуды көздеуде. 1 200 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасы аумағында ірі қара тұратын және жем-шөп жинайтын орыннан бөлек, сүтті жинап, сүт өнімдерін дайындайтын арнайы ғимарат болады. Ферманы заманға сай технологиялармен жарақтауды көздеген кәсіпкер инвест жоба жеке қаражат есебінен жүргізетінін, 2024-2027 жылдары жүзеге асырылатынын айтты.
Бизнес жобасын тиянақты етіп дайындаған кәсіпкер жемделетін сиырларды салқындату жүйесі, метеостанциясы бар желдеткіш жүйесі, күндізгідей жарық жүйесі, сиырдың тойғанын анықтау үшін және жағдайын саралап тұратын камералары орнатылатынын түсіндірді. Инвестиция көлемі 1,3 млрд теңгені құрайды. Аудан басшысы мал шаруашылығы, соның ішінде сүт шаруашылығын дамытуға бүгінде көп көңіл бөлінуде екенін айтып, ферманың нәтижесінде өңірдегі сүт өндірісі көбейіп қана қоймай, қосымша жұмыс орны ашылатынына назар аударды. Әкімдік тарапынан инвесторға қолдау көрсетілетінін түсіндіріп, кәсіпкерді ел игілігі жолында бірлесіп еңбек етуге шақырды.
Жеке кәсіпкердің 240 бас ірі қара мал бордақылау алаңының жұмысымен танысқан аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы шаруаның жай-күйін сұрап, мемлекеттік бағдарламалар туралы әңгімеледі. Бордақыдағы малдарының көпшілігі асыл тұқымды екенін айтқан кәсіпкер шағын және орта кәсіпкерліктің қарқынды дамуына ықпал етіп отырған аудан басшылығына ризашылығын білдірді.
Кейіннен аудан әкімі Киелітас ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Сәрсенов Сакеннің балық шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер 350 млн теңге өз қаражаты есебінен 0.5 гектар аумаққа 10 тоннадан астам сазан балығын өсіріп, 1.6 гектар жерге демалыс аймағының құрылысын жүргізген. Ауыл шаруашылығы министрлігі аквамәдениетті дамытуды мемлекеттік қолдау мақсатында 2018 жылдан бастап тауарлық балық өсіру кезінде жемшөпті субсидиялау бойынша бюджеттік бағдарламаны іске қосқанын айтқан аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы тоғаннан балық аулады. Кәсіпкердің демалыс аймағын аралап, әкімдік тарапынан қандай қолдаулар көрсетілетінін түсіндірді. Демалыс аймағы 1 тамыздан ресми ашылып, жұмысын бастайды деп жоспарлануда.