Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында атқарушы жүйе жұмысын мейлінше жариялы түрде жүргізуді тапсырған болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымына сай барлық деңгейдегі билік өкілдері әлеуметпен етене болуға қадам жасауда. Әсіресе, өңірдегі тұрғындардың талап-тілегі мен ұсыныс, пікіріне құлақ асу үрдісі қалыптасуда.
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев аудан тұрғындары үшін кезекті жеке қабылдау өткізді. Жеке қабылдауға келген тұрғындар аудан әкіміне өтiнiш-тiлектерiн жеке-жеке жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады. Әрбір сұраққа әкім толыққанды жауап берді.
Жеке қабылдауда тұрғындар инфрақұрылымды жақсарту, электр жарығы, жер учаскесінің санатын өзгерту, әлеуметтік қолдау және өзге де түйткілдер бойынша өтініштерін айтты.
Тасарық ауылдық округінің тұрғыны К.Қанаева Төлеби аудандық мансап орталығына қайтарымсыз грант бойынша өтініш бергенін, ұсынған жобасы комиссия қолдауына ие болмағанын айтып, қоғамдық кеңеске мүше болып ену үшін қойылатын талаптар мен қажетті құжаттар тізімін сұрастырды.
Көксәйек елді мекенінің тұрғыны А.Тұрымбет жалғыз баспанасы апатты жағдайда болуына байланысты әлеуметтік көмек сұрап, тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге демеушілер есебінен көмек болса деген ұсынысын жеткізді.
Тасарық ауылының тұрғыны Н.Молдабеков, О.Тастанов Тасарық және Қасқасу ауылдық округтерін байланыстыратын жол бойына кедергілер орнату, көліктің жылдамдығын шегеруге арналған арнайы белгілерін қою, көлік жүргізушілеріне жолдың көру алаңын кеңейту мәселелерін сөз етті. Бұған қоса, округ аумағында жұмыс жүргізген карьердің жұмысы тоқтағанымен мекеме тарапынан аталған аймаққа рекультивация жасауды сұранды.
Әңгірата елді мекенінің тұрғыны К.Дәуірбаев бастаған азаматтар 2023 жылдың қорытындысымен ауыл «Үлгілі аула» номинациясының жеңімпазы атанғанын айтып, балалар алаңшасының орнатып беруді, Қоқа баба көшесін жөндеп, 700 метрдей аяқ жол құрылысын жүргізуді өтінді.
Ленгір қаласының тұрғыны Р.Жетпісбаева жер теліміне кезегіне қатысты сұрақтар қойып, мамандардан өзінің 2 тамыз 2010 жылы №3510 тұрғанын анықтап, кеңес алды.
Диханкөл елді мекенінің тұрғыны Н.Әбілдаев саумалмен емдеу орталығының жерінің құжаттарын заңдастыруда туындаған сұрақтарын қойды.
Аққұм ауылдық округінің тұрғыны С.Абдиров жерінің нысаналы мақсатын өзгертіп, суармалы жерге айналдырып, алма бағын егуді жоспарлағанын айтып, оның заң аясында шешу жолдарын сұрастырды.
Бірінші Мамыр ауыллдық округ тұрғыны Қ.Мұхамедов Жангелдин көшесінде электр бағаналар ауыстырып, түнгі жарық орнатып, жолды ретке келтіріп, ауыз су жеткізуді сұранды.
Алатау ауылдық округінің тұрғыны М.Тастанов Қайнар елді мекеніндегі ауыз су сапасын ретке келтіруді өтініп, мәселенің шешілу жолдарын сала мамандарымен бірлесе отырып талқылады.
Ленгір қаласының тұрғыны Т.Ұлтанбеков Ленгір қаласында мердігер мекеме тарапынан атқарылған жұмыстарға келісім-шарт негізінде қаржыны аударуға ықпал етуді сұранды.
Аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы азаматтардың талап-тілектерін тыңдай келе әрбір тұрғынның мәселесі өз бақылауында болатынын жеткізді. Сондай-ақ, көтерілген мәселелер бойынша сала басшыларына Заң аясында тиісті шаралар қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Әрбір өтініш хаттамаға тіркелді, енді ол бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.