Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби, Еңбекші аудандарының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаладағы 17, Қарасу, Текесу шағын аудандарыны мен Елтай, Тоғыс, Жыланбұзған және Айнатас тұрғын алаптарының азаматтарымен кездесу барысында бірқатар өзекті мәселелер пысықталды. Аулаларды абаттандыру, қоқыстарды жинау, жер учаскелерін заңдастыру, кәріз жүйелерін жүргізу және көшелерді, саябақтарды жарықтандыру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ, қала тұрғындары жасыл желектерді суару, суару жүйелерінің жағдайы мен жол жөндеу, саябақтар мен гүлзарларда пандустар орнатуға қатысты өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Елтай және Тоғыс тұрғын алаптарының халқы жаңа мектеп пен мәдениет үйін, сондай-ақ спорт кешенін салу бойынша өтініштерін білдірді. Қала әкімі орынбасарлары мен сала, аудан басшыларына келесі жылы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын қарастыруды тапсырды.
Елтай тұрғын алабының азаматтары жаяу жүргіншілер өткелін салу, бейнебақылау камераларын орнату және балабақша қажеттіліктеріне де тоқталды. Ал Айнатас шағын ауданы тұрғындары жаңа мектеп салуды және қоғамдық көлік қозғалысын реттеуді сұрады. Қала әкімі барлық өтініштер мен ұсыныстарды назарға алып, өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
© Didarbek.kz