Қазақ вальсінің королі, даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «Әнім сен едің» гала-концерті өтті, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ескірмейтін есті әндер жаңғыртылған әуезді кеш
«Шәмші әлемі» гүлзарында ұйымдастырылды. Концерт Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликпен басталды. Сазгердің халық арасында кеңінен танылған 20-ға жуық шығармасы орындалды. «Ана туралы жыр», «Ақ маңдайлым», «Теріскей», «Бақыт құшағында», «Өмір-өзен», «Сыған серенадасы», «Кешікпей келем деп ең», «Қайықта», «Дүнген қыз», «Құшақ жайған қандай адам», «Отырардағы той» секілді әндерді жиналған қауым бірге шырқады.
Гала-концертте Шымкент қалалық опера және балет театрының солистері, «Шымкент концерт» ұйымының өнерпаздары, «Қазына» және «Яссы» би ансамбльдері мен «Shamshi» әншілер байқауының жеңімпаздары өнер көрсетті.
Концерттің соңында қала әкімінің ықылас гүлі табысталды.
Іс-шараны қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, түрлі сала ардагерлері мен БАҚ өкілдері тамашалады.
© Didarbek.kz