2024 жылдың 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Франция астанасы Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары өтті. Дүбірлі жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысып, 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салды. Төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы ел намысын қорғады,– деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Төлеби Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нәтижесінде, Төлеби ауданының тумасы жерлесіміз Қырғызбаев Ғұсман қола медаль иегері атанды. Төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсекеде 66 келі салмақта ойын көрсетіп, тамаша жеңіске қол жеткізген батырына аудан жұртшылығы құрмет көрсету мақсатында Диханкөл елді мекенінде кездесу өтті.
Кездесуге арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат депутаттары Ғұсман Даниярұлына тұлпар мінгізіп, иығына шапан жапты. Сержан Дауылбайұлы аудан әкімі Төлеген Телғараевтың құттықтау хатын, қаржылай сыйлығын жолдап, ізгі тілегін жеткізді. Ауыл тұрғындары, жанкүйерлерімен кездескен спортшы өзінің алдағы жоспарларымен бөлісті.
© Didarbek.kz