Табиғаты таңғажайып Түлкібас ауданы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы аудан. Мәселен, соңғы жылдары ауданға тартылған негізгі инвестицияның басым бөлігі осы салаға тиесілі.
Oсы ретте Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету және саладағы өзекті мәселелердің шешу жолдарын пысықтау мақсатында мәжіліс өтті.
Жиынға жауапты бөлім басшысы мен ауылдық округ, кент әкімдері аудандық статистика басқармасының басшысы және жауапты мамандар қатысты.
Басқосу барысында, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуатбек Еркебаев салаға қатысты индикаторлық көрсеткіштер мен тиісті басқармадан берілген жоспарлы межелердің орындалуы бойынша баяндама жасап, өзекті мәселелерге тоқталып өтті.
Баяндамашыдан соң, Нұржан Жақсылықұлы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей септігін тигізетін жоспарларды орындамаған ауыл әкімдерін жеке-жеке тұрғызып, әр қайсысына нақты тапсырмалар жүктеді. Алты айдың қорытындысымен меженің орындалуына барынша жұмыс жасау керектігін жеткізді.
Сонымен қатар, ауыл-аймақтардағы пайдаланбай жатқан жерлерді қайтару жұмыстарын жаңғырту керектігін атап өтті. Сол жерлерді қолынан іс келетін, өз жеке кәсібін ашуға жер мәселесі қол байлау болып жүрген азаматтарға беруді ұйымдастыру керек деді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізетінін тілге тиек етті.
Сондай-ақ , аудан басшысы елді мекендердегі мемлекеттік кірістер департаментіне тіркелмеген нысандарды тіркеу бойынша жұмысты барынша жандандыру қажеттігін атап өтті. Сол арқылы аудан және округ бюджеті ұлғайып, проблемалық мәселелерді шешуге қосымша қаржы көзінің артатындығын жеткізді.