Бекітілген кестеге сәйкес, Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтың 2024 жылдың ІІІ тоқсандағы тұрғындарды жеке қабылдауы «АMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының мәжіліс залында өтті. Жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан жердің нысаналы мақсатын өзгерту, тұрғын үй, жұмыспен қамту, мүгедектігі бар азаматтарға бөлінген көліктің аздығы, ауыз су мәселелері қозғалды.
Жоғарыда айтылған түйткілді мәселелердің кейбіріне тоқталып өтейік. Т.Рысқұлов ауылынан келген ана отбасылық жағдайларының осалдығына байланысты мектепке баратын балаларына киіммен, оқу құралдарымен қамтылуына жәрдем сұрады. Т.Бибеков «Тұраркент СУ» мекемесіне қатысты түйткілдерді баяндап, оң шешім күтетіндіктерін айтты. Ал, Шақпақ баба ауылынан келген Е.Джуртанов «Батыс Европа – Батыс Қытай» автожолындағы туннель маңынан жол қалдыру қажеттігін, интернет байланысының, мобильді байланыстың мүлдем нашарлығын айтып, тұрғындар атынан мұң шағып, көмек сұрады. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жіті тыңдаған аудан басшысы әр мәселені жеке талдап, саралап, бөлім басшыларына, жауапты мекемелердің басшыларына тапсырма берді.
Тапсырмалардың дер кезінде орындалуын жеке бақылауына алып, өзі де осы қозғалған мәселелердің жай-жапсарын бірге анықтап, оң шешім табуына ат салысатындығын айтты. Шақпақтағы туннель бойынша осыған дейін де аз дабыл қағылмағандығын, тағы да жоғарыдағы ықпалды азаматтардың көмегімен мәселенің шешілуіне барынша жәрдемдесуге тырысатынын айтып өтті. Аудан әкімі Н.Ізтілеуов: «Бюджетті нақтылау кезде көтерілген мәселелердің әрбірі ескерілетін болады. Заң аясында тиісті жұмыстар жүргізетін боламыз» деді.
Жалпы, бүгінгі қозғалған мәселелердің әрқайсысы сарапқа салынды. Туындаған сұрақтарға жауап беріліп, түсіндіріліп отырды. Жауапты мамандарды сөзге тартып, түсіндірулерін талап етті, шешілу жолдары талқыланды. Нақты тапсырмалар берілді. Тұрғындардың мұң-мұқтажы, талап-шағымы назардан тыс қалмай, заң аясында біртіндеп шешім табатынына сенім білдіреміз.