Шымкент қалалық полиция департаменті ғимаратының плацында тағы да мемлекеттік әнұран шырқалды,– деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Шымкент Қаласының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мұнда Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға департамент басшылығы, жеке құрамы және ішкі істер органдарының құрметті ардагерлері қатысты. Сондай-ақ, мерекелік іс-шараға алғаш рет қаланың бірнеше мектебінде балалардың патриоттық тәрбиесін арттыру мақсатында ашылған «Жас сақшы» сыныптарының жас тәртіп сақшылары қатысты.
Мерекелік шараны департамент бастығы Думан Таев ашты. Полиция генерал-майоры өз сөзінде «Конституция – тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі, сондай-ақ әділетті қоғам құрудағы маңызды іргетас болып табылады, онда әрбір ІІО-ның қызметкерінің негізгі міндеті адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Полиция қызметкері өз ісінің маманы болуы керек, қызметтік борышын адал атқарып, заңнаманы қатаң сақтауы және қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында барлық қажетті шараларды қабылдауы қажет» екенін атап өтті. Сөз соңында мегаполистің бас полицейі республиканың әрбір азаматы үшін ең маңызды мерекелердің бірі – Конституция күнімен құттықтап, бейбітшілік пен әр отбасына амандық тіледі.
Мерекелік іс-шара жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсімімен жалғасты. Ішкі істер органдарының қатарына қабылданған 25 полицей қызметтік міндеттерін адал атқаруға ант берді.
Сондай-ақ, атаулы күнге орай қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін 70-тен астам полиция қызметкері ҚР ІІМ-нің және Шымкент қаласы ПД-нің түрлі наградаларымен марапатталды.
Салтанатты шара соңында жеке құрам қызметкерлері арасынан шыққан дарынды әншілердің қатысуымен мерекелік концерт өтті.
Іс-шара қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полицейлерге арналған обелискке гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды.
© Didarbek.kz