Отырар ауданының әкімі Кайрат Жолдыбайұлы көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Марапаттау рәсімінде аудан басшысы аналарды лайықты наградалармен құттықтап, әйелдердің қоғамдағы орны туралы айтып өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Мемлекетіміздің демографиялық әлеуетін арттырып, бала тәрбиелеудегі шынайы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Халқымызда «Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді»-деген даналы сөз бекер айтылмаса керек. Анадан батыр да, ақын да, данышпан да туады. Еліміз бала тәрбиесіндегі ананың рөлін өте жоғары бағалаған. Мемлекетіміздің алтын діңгегі болып, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер», — дей келе, алтын құрсақты асыл аналарға алғысын айтты.
Жыл сайын Мемлекет Басшысының Жарлығымен жеті және одан артық баланы дүниеге әкелген аналарға «Алтын алқа» наградасы, ал алты баланы дүниеге әкелген аналарымызға «Күміс алқа» беріледі. ҚР Президентінің 2024 жылғы 15 тамыздағы №623 Жарлығы бойынша отырарлық 2 анаға «Алтын алқа» және 8 анаға «Күміс алқа» белгілері табысталып отыр.
Бүгінде Отырар ауданында 82 батыр ана, «Алтын алқа» орденімен марапатталған 682 ана, «Күміс алқа» орденімен марапатталған 1288 ана, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 150 ана бар.
© Didarbek.kz