Киелі Қазығұрт ауданы жалпы елімізге көптеген жақсы жақтарымен танылған, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Қазығұрт Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, қасиетті Қазығұрт тауы бөктерінде талай дарындар, елім деген азаматтардың туып өскенін де жақсы білеміз. Осындай киелі мекеннің бүгінгі жастары да жалындап тұр. Оған дәлел, қазығұрттық жастардың өңірімізде, қала берді республикалық деңгейлерде ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар мен спорттық сайыстарда жыл сайын жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүргені десек артық айтқандық болмас. Мәселен, биылғы жылдың өзінде Қазығұрт жастары білім саласында республикалық «FIRST» робототехника жарысында жеңімпаз атанса, республикалық “Жас Camp.Jastar Academy 2” атты жастар лагерінде 2 орын, спорттың Воркаут (турник) түрінен облыстан 1 орын, Шардара ауданында өткен жастар арасындағы облыстық жазғы ойындардан 1 орын, Жастар шыңына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған облыстық волейбол турнирінен 1 орын, Облыстық Жастар ресурстық орталығы қызметкерлері арасында өткен волейбол турнирінен 2 орын, Абай күніне орай “Ұлы қазақтың — Ұлы Абайы” атты облыстық байқауында 1 орын, «Ауылдағы бір күнім» облыстық реалити шоу сайысында 1 орын, Бәйдібек ауданында өткен “Тау фест” фестивалінде 2 орынды иемденіп, әрдайым жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр.
Бүгінгі жас – болашақ Қазақстанның жанды бейнесі. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Қазығұрттың осындай жалынды жастарына көңіл бөліп, қолдау көрсетуді аудан әкімі Азизхан Исмаилов ешқашан ұмыт қалдырған емес. Аудан көлемінде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырған әрбір іс-шарасына тұрақты қатысып, жастарға бағыт-бағдар беріп жүр.
Жақында Қазығұрт ауданы, Жігерген ауыл округінде облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың тәрбиелік мәні туралы дәріптеу, жастардың бойында ұлттық құндылықтар мен рухани адамгершілік, имандылық қасиеттерді дамыту мақсатында «Ауылдағы бір күнім» атты облыстық реалити шоу сайысы өткен болатын. Сол сайысқа арнайы қатысқан аймақ басшысы Азизхан Азимханұлы аудандық Жастар ресурстық орталығына «Газел» аптокөлігін алып беретінін айтқан еді. Бүгінгі күні аудан әкімі өз қолымен аудан жастарына айтылған су жаңа автокөлікті сыйға тартып, үлкен қолдауын білдірді. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов:
— Бұл жастарымыздың жеткен жетістіктері үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау. Қазығұрт жастарының алдағы уақытта да талай биіктерді бағындырарына сенімім мол, — деді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде «Бүкіл ел жалындаған жастарға иек артады және сенеді. Еліміздің өсіп өркендеуі үшін, жас мамандардың ойының ұшқырлығы, тың идеялары өте маңызды» — деп айтып өткен болатын. Шынында, кез келген елдің болашағы жастарымен өлшенеді. Сондықтан, біз де қазығұрттық жастарды құттықтай отырып, болашағына деген зор сеніммен алдағы күндеріне сәттіліктер тілейміз!
© Didarbek.kz