«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезекті мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауы ауданға қарасты Қызылжар ауылдық округінің мәдениет үйінің ауласында өтті, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Сарыағаш Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аудан тұрғындарының базынасын тыңдауға, реті келсе олардың оң шешімдерінің табуына жәрдем көрсетуге партияның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің Түркістан облысы бойынша кураторы Сағындық Жылқыбаев арнайы келді.
Мобильді көшпелі қоғамдық қабылдаудың мақсат-міндетін түсіндіріп өткен Алтынсары Дүйсенбекұлы, «AMANAT» партиясы шын мәніндегі халықтық саяси ұйымға айналғанын айта отырып, сайлаушылардың сұраныстарын тыңдауға басымдық бергенін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарды атқаруда, шешім қабылдауға құзыреті бар мемлекет орган өкілдерінің басын қосып, әр аудандағы шалғай елді мекендерде қоғамдық қабылдаулар өткізуді үрдіске айналдырғанын жеткізді.
«Биылғы жылдың 8 айында партияның өңірлік филиалы жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерімен 3182 кездесулер өтіп, оларда барлығы 10700-ге жуық азаматтың өтініштері тыңдалды. Партияның ұйытқы болуымен ашылған көшпелі қоғамдық қабылдау осымен сегізінші ауданда өтіп отыр. «AMANAT» партиясы осылайша халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Партияның бастамасымен ашылып, жұмысын атқарған алаңда облыстық деңгейдегі құқық қорғау органдарының жауапты өкілдері, облыс әкімдігіне қарасты басқармалардың қызметкерлері, халықпен жұмыс жүргізуге жауапты орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттерінің лауазымды азаматтары, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдардың қызметкерлері, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, аудандық прокуратура мен аудан әкімдігінің дербес бөлім басшылары қабылдауға келген тұрғындардың мәселелерін тыңдап, олардың заң талаптары шеңберінде шешім табу тетіктерін қарастырды, құқықтық тұрғыдағы кеңестерін берді.
Тұрғындардың осы мазмұндағы сұраныстарын қабылдау өткізген барлық мемлекеттік органдардың өкілдері тиісті тәртіппен тіркеуге алды және айтылған әрбір өтініш-шағымдар бойынша ресми түрде жауап берілетін болады. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы көшпелі қоғамдық қабылдау барысында айтылған барлық 200-ден астам сауалдың шешім табуын, нақтылы орындалуын бақылауда ұстайды.
© Didarbek.kz