Заң баршаға ортақ. Дегенмен, кейбір кәсіпкерлеріміз дүкен, демалыс аймағы және т.б. нысандарды заңсыз соғып, одан мол пайда тауып, заңды айналып өтіп, салық төлеуден жалтарынып жүр.
Осы ретте, ауданымызда аудан әкімдігінің тікелей бастамасымен, заңсыз кәсіпкерлік нысандарды анықтап, оларды салық базасына тіркету бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда.
Aталған бағыттағы жұмыстарды саралау мақсатында, Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтың төрағалығымен кезекті жиын өтті.
Басқосуға аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы У.Халмұратов, аудан әкімінің салаға жауыпты орынбасары А.Нұрлыбай, тиісті бөлім басшысы мен жауапты мамандар қатысты.
Жалпы жыл басынан бері аудан әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ тарапынан ауыл-аймақтарға рейдтік шаралар жүргізу нәтижесіне заңсыз кәсібін жүргізіп келген 60 кәсіпкерлік нысан анықталып, соның 32 айыппұл салынған. 16 нысанның иесіне ескертулер жасалып, белгіленген мерзімде құжаттарын заңдастырмаса тиісті шаралар көрілетіндігі ескертілген.
Бұл туралы жиында аудандық құрылыс сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Н.Ештаев мәлімдеді.
Жиынды қорытындылай келе, аудан әкімі Нұржан Жақсылықұлы,
«Бүгінде әкімдіктің негізгі жұмыс бағытының бірі инвестиция тартумен қатар заңсыз кәсіпкерлік нысандардың құжаттарын заңдастырып, салық базасына тіркеу арқылы жергілікті бюджеттің кіріс көзін ұлғайту болып табылады. Сол арқылы біз ауданымыздың әлеуметтік-экономикасын арттырып қана қоймай, көптеген қаржыға тіреліп, түйіні шешілмей тұрған мәселелердің шешімін табамыз. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасаймыз»-деп, тиісті орынбасары мен жауаптыларға бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе отырып рейдтік шараларды жалғастыруды тапсырды.
Сонымен бірге, осы күні Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов аудан тұрғындарына кезекті жеке қабылдауын өткізді.
Тұрғын-үй, ерекше зәрулігі бар азаматтарды тасымалдау қызметі, жер қатынастары және әлеуметтік салаға қатысты мәселелермен жүгінген тұрғындар аудан әкімі және жауапты мамандардан қанағаттандырарлықтай жауап алды.
Кейбір мәселе бойынша Нұржан Жақсылықұлы демеушілер есебінен көмек беруді салаға жауапты бөлім басшысына тапсырды.
Жеке қабылдауда болған азаматтарға көтерілген мәселелер Заңды шешімін тапқанша бақылауда тұратындығын жеткізді.