Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды тапсырды, «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек», деген болатын.
Түлкібас ауданында жол сапасын жақсарту мақсатында бірнеше ірі жобалар дайындалды. Бүгінде жобалар аясында жол құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Түркістан облыстық жолаушылар және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Түлкібас ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-70 «Т.Рысқұлов-Құлан-Сарытөр» жолының 18,3 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жолдың жөндеу жұмыстары Т.Рұсқылов, Құлан, Сарытөр елді мекендері аралығын қамтиды. Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан жолдың ескірген асфальт жабынын алып тастап, тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сметалық құжаттамаға сәйкес, фрезаланған жол бөлігіне 2 қабат асфальтобетон жабынын салу, ескірген су өткізгіш құбырларды ауыстыру, таңбалау және аяқжол салу жұмыстары қаралған. Сала мамандарының айтуынша, жөндеу жұмыстарын 2025 жылы аяқтау жоспарланған.