Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен аппараттық лездемелік мәжіліс өтті. Жиынға тиісті сала және дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде 2024-2025 жылдар аралығындағы жаңа оқу жылына дайындық барысы және ауыл округтеріндегі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары туралы облыс, аудан әкімінің хаттамалык тапсырмаларынын орындалу барысы туралы мәселелер талқыланды.
Алдымен Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметов биылғы оқу жылында аудандағы білім беру мекемелерінің атқаратын жұмыс барысы жайлы баяндады. Және мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен мектептерде білім алатын тәрбиеленушілердің сандық көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталды. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда білім нысандарында құрылыс жұмыстарының жүргізілуі, олардың қатты отыннан көгілдір отынға ауыстырылуы, балалардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жайлы баяндады. Сондай-ақ, Бауыржан Талғатұлы өз баяндамасында «Amanat» партиясының, аудан меценаттары мен депутаттарының қолдауымен «Мектепке жол» акциясы аясында аудандағы аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасындағы балалардың мектепке қажетті оқу құралдарымен және киім-кешекпен қамтамасыз ету, шалғай елдімекендерден оқушыларды тасымалдау, мектептердегі қауіпсіздікті, оқушыларды оқулықпен, интернетпен, жаңа модификацияланған талаптарға сәйкес физика, химия, биология пәндері кабинеттерімен қамтамасыз ету және оқушылардың орамал тағу мәселесі де да назардан тыс қалмады.
Келесі кезекте аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық, ақпараттандыру және мемлекеттік көрсетілетін қызмет мониторингі бөлімшесінің басшысы Жасұлан Саутбек ауыл округтеріндегі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары туралы баяндама жасады.
Сала басшыларының баяндамаларын тиянақты тыңдаған аудан басшысы Арман Сәбитұлы мәжілісте көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын қарастыру қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, тиісті тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.