Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЖАҢА ЦЕХ ТҮЛКІБАСТЫҚТАРДЫ  САПАЛЫ АЯҚ КИІМДЕРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ

ЖАҢА ЦЕХ ТҮЛКІБАСТЫҚТАРДЫ  САПАЛЫ АЯҚ КИІМДЕРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ

«Түлкібас ауданының орталығында аяқ-киім шығаратын цех ашылыпты. Бүгінде ол жерде 4 адам жұмыспен қамтылған. Уәлихан Қожантай есімді азаматтың басшылығындағы бұл өндіріс орнының алдына қойып отырған басты мақсаты — Түлкібас ауданының тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді аяқ киімдермен қамтамасыз етіп, болашақта үлкен фабрика ашу»- деген жағымды жаңалықты есіткен соң жақсыны көрмекке деген оймен аудан орталығындағы Майлыкент ауылдық округ әкімшілігі ғимаратына қарама – қарсы Абиров көшесінің бойына орналасқан аяқ киім тігетін шағын цехқа жол тартқан едік. Бұл туралы «Шамшырақ» ақпараттық орталығына сілтеме жасаған didarbek.kz жазады.  Біздің бақытымызға орай жас жігіт, жеке кәсіпкер Уәлихан Пернебекұлы Қожантай өз орнында болып шықты.
-1995 жылы Жаскешу ауылында дүниеге келіп, Сейфуллин атындағы орта мектептен түлеп ұшып шықтым,- деп бастады өзінің әңгімесін жаңа кейіпкеріміз бізді жылы шыраймен қарсы алып. — Өзім қалаған «Мирас» университетіне оқуға түсіп, ағылшын тілін тереңірек оқи бастадым. Сол жылдары американдық бағдарламаның грант иегері атанып, ағылшын тіліне шындап ден қоя бастадым. 2016 жылы аталмыш оқу орнын бітіріп, «Ontustik» кәсіпкерлерге қызмет көрсететін қызмет орталығына жұмысқа тұрып,өз алдарына кәсіп ашамын деген азаматтарға бизнес жоспарын дайындап беріп жүрдім. Жылдар өте келе «Shymkent» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясына Кәсіпкерлермен Инвесторларды Қолдау департаментіне қызметке тұрдым. Негізгі міндеттерім аты айтып тұрғандай Шымкент қаласының кәсіпкерлеріне қолдау көрсету және жаңа бағдарламаларды жүзеге асыру болды.
Сол кездері біршама тәжірибе жинақтап, болашақта қандай бизнес ашу керектігі жайлы көбірек ойланатын болдым. Жәй ғана алып сатар бизнестің түрін қаламадым. Өзімнің әкем Пернебек Торғаев біздің кішкентай кезімізде ауыл тұрғындарының жыртылған, тесілген етіктерін тігіп, жымын білдірмей жамап беріп отырушы еді. Сол көрініс есіме түсіп, аяқ киім тігу идеясы ойымнан кетпей қойды. Осылайша бұл кәсіпке қызығу әкемнен дарыды десем де болады. Интернет желісін ақтарып, алда атқарар жұмысыма бизнес жоспар құра бастадым. Қолға алған мамандығымды жетік меңгеру үшін Алматыға барып, «Шебер» оқу орталығында үш ай оқып, «Аяқ киім шебері» деген сертификатты алып шықтым.
Негізі, аяқ киім саласы жалпы қиын процесстерден тұрады. Оның әр бір бөлшегі нағыз ойды, тәжірибені қажет етеді. Нарықтағы керекті материалдарды да ескеру қажет. Біздің шағын ұжым үшін үлкен фабрика болмағандықтан және бюджетіміз санаулы болғандықтан әрбір аяқ киімдегі бөлшекті (детальді) жасау үлкен жұмыс болып табылады. Оған қарамастан керекті құрал жабдықтар тізімін алдын ала құрып қойдым. Сол кезде «Zhas Ptoject» жобасы басталған еді. Оның шарттары сол кездегі менің статусыма сәйкес болып шықты. Комиссияға өз жоспарымды қорғап шығып, бақытыма орай 1 млн. теңге грант ұтып алдым. Ол қаражат негізгі құралдарымның үштен бір бөлігін ақтады. Құрал жабдықтардан бөлек материалдар, оның ішінде аяқ киімнің негізгі бөлігі – былғарыны Шымкенттегі былғары зауытынан алып, Алматыда танысқан осы саланың бесаспап маманын Түлкібасқа шақырып, қарамағымдағы 4 адамды үйрету үшін екі апта бойы оқыту жұмыстарын жүргіздік. Нәтиже жаман болған жоқ, қазіргі таңда сол 4 маман бұл кәсіпке кәдімгідей төселіп қалды.
Болашақта атқарар жоспарымыз көп. Соның ең бастысы: жаңадан ашылған цехты үлкейту, фабрика дәрежесіне жеткізу. Заманауи құрал-жабдықтарды алып, сапалы, былғары аяқ киімдермен қол жетімді бағада аудан тұрғындарын қамтамасыз ету. Жоба аясында бүгінгі күнге дейін тұрмысы төмен, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға 20 дана аяқ киімдерді тегін тараттым. Құдай қаласа, жұмысымыз қарқын алған кезде мұндай қайырымдылық шараларын көбірек жасап тұратын боламыз.
Осылайша, жеке кәсіпкер Уәлихан Пернебекұлы Қожантай әңгімесін көңілді кейіпте аяқтады. Біз де өз кезегінде жаңа кәсіп ашып отырған жас маманның алдағы еңбегіне сәттілік тілеп отырдық…
О.Көмеков

Пікір жазу