Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков алдын-ала бекітілген кестеге сәйкес, бүгін кезекті жеке қабылдауын өткізді.
Түркістандық 10 азаматтың 2-уі тұрғын үй кезегіне қатысты өтініштерін жеткізсе, 2 азамат жер құжаттарын рәсімдеуде қиындықтар туындағанын айтып, қала әкімінен көмек сұрады. Нұрбол Әбдісаттарұлы заң талаптарын түсіндіре отырып, бөлім басшысына мәселені зерделеп, нәтижесі бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды. Сонымен қатар, Жер қатынастары бөлімінің басшысы аллея салуды сұраған тұрғындардың ұсынған жеріне қатысты түсіндірме берді: жер қорының базасында аталған учаскенің заңды иесі анықталған.
Алаяқтың құрбанына айналған тұрғынның мәселесі Полиция басқармасына жүктеліп, орындалуы бақылауға қойылды.
Қоғамдық көлікке қатысты және көшеге атау беру мәселелерін заң аясында шешу жауапты мамандарға тапсырылды.
Сауран ауданының тұрғыны үй кезегінде тұрғылықты мекенжайы бойынша болғанымен баспананы облыс орталығынан алу мүмкіндігін қарастыруды сұранды. Нұрбол Әбдісаттарұлы баспана алу заңдылығы мен тәртібін түсіндіріп, кезекте тұрған 17 мыңнан астам тұрғынның құқығы сақталуы тиіс екенін, сол себепті кезектен тыс баспана берілмейтінін айтты.