Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәжіліс өткізіп, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өтетін жалпыхалықтық сенбілікке дайындықты пысықтады. Тазаланатын 40 орынжай (локация) нақтыланып, мекемелерге бекітілді. «Түркістан Жарық Тазалық» және «Жасыл Түркістан» мекемелеріне жұмыс күшінің үлестірілуі мен жиналған қоқыстардың мерзімінде шығарылуы міндеттелді.
— Қала – ортақ үйіміз. Оның тазалығына үлес қосуды әр адамға ары мен намысы міндеттейді. Әдеттегідей тұрғындарымыз бұл жолы да белсенділік танытады деп сенемін. Қала жанашырлары жалпыхалықтық сенбілік өтетінінен хабардар болуы керек. Ақпараттандыруды ұмытпаңыздар, — деді қала әкімі өз сөзінде.
Сонымен қатар, Нұрбол Әбдісаттарұлы берілген тапсырмалар мен жоспарлардың атқарылуын қадағалады.
2024 жылға жоспарланған 17 балалар алаңшасы туралы қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков баяндады. Баяндамашының мәлімдеуінше қазіргі таңда 15 алаңшаның құрылысы жүргізілуде, екеуі — сәуірдің 15-не дейін басталады. 21 көшеге жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған, қалпына келтіруді қажет ететін 121 нысанға қатысты: көшелерге бекітілген жауаптылар тиісті жұмыстарды ұйымдастыратынын, нәтижесі дәлелдемелермен ұсынылатынын жеткізді.
Қала тазалығын қамтамасыз ету шаралары жоспарлы жүзеге асуда. Сектор мамандары тұрғындарға қоқысты тазалық мекемесімен түзілген келісім-шартта көзделген уақытқа сәйкес шығару қажеттігін тұрақты түсіндіріп келеді. Соған қарамастан, өткен аптада белгіленбеген орындарды ластау дерегі бойынша қалалық полиция басқармасымен 41 азаматқа айыппұл салынып, 12 азаматқа ескерту берілген.
Шаһар басшысы тазалық сақтауда жергілікті тұрғындардың белсенділігі маңызды екеніне тоқталып, бұл бағыттағы жұмысты секторларға арнайы индикатор етіп бекітуді тапсырды.