Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. 5 аптаға созылатын бұл науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталады. Бұл бастаманы Түркістандық тұрғындар қуанышпен қабылдап, жұмысты бастап кетті.
Республикалық акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет қоғамдық көлікпен облыс орталығындағы жұмыстарды бақылады. Жаңа қала аумағынан «Бекзат» шағынауданына дейінгі аумақты аралап шығып, «Белсенді демалыс» саябағындағы жұмыстарды қадағалаған өңір басшысы мердігерге жұмысты сапалы әрі уақтылы атқаруды тапсырды.
Бұл саябақ туристік орталыққа айналуы тиіс. «Prime Residence» тұрғын үй кешені құрылысымен танысты. Бұл үйлер заманауи үлгіде салынбақ. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады. Құрылыс бойынша тиісті міндеттер жүктелді.
Облыс әкімі «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан тазалық және сантариялық жұмыстарды қадағалады. Шаһарды абаттандыру, ескі аумағындағы инфрақұрылымын жақсарту, жаңа нысандармен толықтыру бағытындағы жұмыстар туралы пікір алмасты. Түркістанда салынып жатқан құрылыс жұмыстарын бақылап, жауапты басқарма басшылары мен қала әкіміне тиісті тапсырмалар берді.
Аталған акция аясында өңір басшысы Дархан Сатыбалды түркістандықтарды тазалық жұмыстарына қатысып, табиғат тазалығын қамтуға шақырды.
Түркістанда орталық 28 көшенің тазалығын ұйымдастыру қала әкімдігінің дербес бөлімдеріне бекітіліп, жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда жалпы 1416 нысанның қасбеттері сырланып ретке келтірілді.
Бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жауапты бөлім басшыларымен бірге 28 көшені аралап, тындырылған тірліктерді тексерді. Тазалық пен абаттандыруға мыңға жуық жұмысшы тартылған. Жұмысшы топ тарапынан жүргізілген зерделеу нәтижесінде тағы 121 нысанды қалпына келтіру қажеттігі анықталды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы бірқатар кемшіліктерге тоқталып, жауаптыларға тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, жасыл желектерді күтіп-баптау ісіне жауапкершілікпен қарауды ескертті.
Республикалық акцияға тұрғындардың қатысу белсенділігін арттыруға баса мән беру керектігін атап өтіп, секторлар тарапынан тиісті жұмыстарды ұйымдастыру тапсырылды.
Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. 5 аптаға созылатын бұл науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталады. Республикалық шараға Түркістан қаласы әкімі аппаратының жас мамандары өз үлесін қосты.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылған шараға қызметкерлер кешкі серуен уақытын арнады. Жұмыс уақыты біткен соң мамандар шаһардың туристік аймағы саналатын мәдени-рухани орталық аумағын қоқыстан тазартуға шықты.
Сенбілік барысында бұл бастаманың тазару мен жаңару маусымы саналатын көктем мезгілінде бастау алуының маңызы зор екендігі айтылды. Сонымен бірге қатысушылар халық әндерін шырқап, сергіту сәтін өткізді.
Акцияға қатысушы қала әкімі аппаратының жас маманы Ердәулет Төрехан: «Тазалықты ту еткен жобаның тұрғындарға берері мол. Табиғатты аялау, тазалықты ұстау ол тек қала үшін ғана емес, бәріміз үшін ортақ дүние. Ортақ үйіміздің тазалығын қамтуға әрбір тұрғын міндеттіміз» деді.
Сенбілік соңында мамандар облыс тұрғындарына «Таза Қазақстан» республикалық акциясына атсалысуға шақырып, арнайы челлендж жолдады.
Айта кетейік, 10 сәуір мен 11 мамыр аралығында Түркістанда «Таза өлке – Түркістан» науқаны өтеді. Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Түркістан қаласында “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясының “Таза өлке” апталығы аясында жұмыстар қарқынды жүруде. Дәлірек айтар болсақ, “Гүлдер саябағы” маңын тазалап, сонымен қатар өзге де осы саладағы әріптестерін игі бастамаға қолдау білдіруге шақырды.
Сондай-ақ,Ахмет Ясауи Колледжінің ерікті жастары мекеме маңында тазалық жұмыстарын жүргізіп, көгалдандырумен айналысты.
“Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында Түркістан жоғару медицина колледжі аумағында тазалық жұмыстары жүргізді.
Емдеу ісі бөлімінің студенттері республика көлемінде өткізіліп жатқан “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясына өз үлестерін қосу үшін колледж аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, “Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштік, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.
Акцияның әрбір аптасы арнайы тақырыптарға арналады.
1-ші апта (6, 13 сәуір) – “Таза өлке” күні тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар, кәсіпорындар өз аумақтарын, аулаларын тазалау жұмыстарын жүргізеді.
2-ші апта (20 сәуір) – “Киелі мекен” күні тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру жұмыстарына арналады.
3-ші апта (27 сәуір) – “Жасыл аймақ” күні. Бұл күні ағаш көшеттерін отырғызу, айналаны әктеу жұмыстары жүргізіледі.
4-ші апта (4 мамыр) – “Өнегелі ұрпақ” күні ардагерлердің ауласын тазалау, қарттар үйлерінде абаттандыру жұмыстарына үлес қосу негізгі мақсаттардың бірі болмақ.
5-ші апта (11 мамыр) – “Мөлдір бұлақ” күні өзен-көлдер маңын қоқыстан тазалау ұйымдастырылады.
Түркістан қаласында “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясының “Таза өлке” апталығы аясында жұмыстар қарқынды жүруде. Шаһардың ең халық көп жиылатын демалыс орындарының бірі «Жеңіс» саябағында 100-ге жуық жас бірлесе тазалық жұмыстарын жүргізді. Аталған шараға қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мұрындық болған.
Жастар демалыс орнын тазалап қана қоймай, талдарды әктеу, гүл егу мен көшет отырғызу, саябақтағы ескерткіштер мен тақтайшалардың тазалығын қоса атқарды.
Түркістанда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза өлке» апталығы өтіп жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған республикалық шараға облыстағы мәдениет ошақтары да үлес қосып жатыр.
Тазалықты жанына серік еткен «Ұлы Дала Елі» орталығының» қызметкерлері қаланы таза ұстау мақсатында бастамаға қолдау көрсетті. Орталықтың 1200 шаршы метр аумағы мен ирригациялық жүйелер тазартылып, 50 кг қоқыс шығарылды.
Ауқымды шараға «Фараб» кітапханасының ұжымы да атсалысып, кітапхана аумағына 200 түп гүл отырғызды. Ал Түркістан музыкалық драма театры қызметкерлері айналаны қоқыстан тазартып, қолдау білдірді. Сонымен қатар аудан, қаладағы барлық мәдени ошақтары да қалмай, үн қосып жатыр.