Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » «ПАРАСАТ» САЯБАҒЫ — САЛАУАТТЫ ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНА АЙНАЛАДЫ

«ПАРАСАТ» САЯБАҒЫ — САЛАУАТТЫ ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНА АЙНАЛАДЫ

Саябақты жаңғырту жоспарына сәйкес, мұнда балалар алаңшасымен қатар жабық және ашық футбол алаңдары орналастырылады. Сонымен қатар, үлкен теннис ойнауға арналған алаң жасақталады. Қазіргі таңда жаяуларға арналған жол төселіп, суғару жүйелері орнатылуда. Жасыл алаңдардың орны тегістеліп, түнгі жарықшамдар қойылған. Нысанды маусым айында аяқтап тапсыру көзделген.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бүгінгі жұмыс күнін құрылыс нысандарын аралаудан бастады. Аралау барысында «Парасат» саябағына арнайы бұрылып, мұндағы атқарылған тірліктерді бақылады.
Құрылысқа 70-тен астам жұмысшы жұмылдырылған. Нұрбол Әбдісаттарұлы саябақты ағын сумен қамту бойынша тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді. Егілетін жасыл желекке қатысты пікір білдіріп, мердігерге жергілікті тұқымбақ көшеттерін отырғызуды ұсынды. Түркістан климатының ерекшелігін назарға алуды ескертті.
Мәдениет сарайының құрылысы бойынша, соңғы бір аптада тындырылған іске қала әкімінің көңілі толмады. Нысан басында 40-қа жуық жұмысшы бар. Мердігердің уәжіне:
— Жұмысшы қатарын көбейтпей жұмыс өнбейтінін мен мұның алдында да ескерттім. Сіз менің алдымда ақталмаңыз, ертең елдің алдында ақталатын жағдайға жеткізбеңіз. Нысан сапалы әрі мерзімінде аяқталуы тиіс. — деп, құрылысты жеке қадағалайтынын атап өтті.

Пікір жазу