Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен бүгін кезекті аппарат мәжілісі өтіп, салаларда атқарылған жұмыстар сараланды.
Қалалық Полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Мұратовтың мәлімдеуінше, сәуір айында бүгінге дейін 7988 құқық бұзушылықтар анықталған, оның 6243-і — жол қозғалысы ережелерінің бұзылу дерегі. Ортақ пайдалану орындарын ластау бойынша 811 хаттама түзілген, абаттандыру қағидаларын бұзған 249 азаматқа айыппұл салынған.
Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Асқар Сейсенов өрт оқиғасы былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 жағдайға азайғанын, жыл басынан бері өрт оқиғасына қатысты 62 әкімшілік іс қаралғанын баяндады. 2023-2024 жылғы қыс-көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты жүргізу бойынша инженерлік іс-шаралар жоспарын орындау нәтижесінде қалада су басу жағдайлары орын алмаған.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова өз кезегінде күрделі жөндеу жоспарланған 4 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу арқылы жеңімпаз анықталғанын жеткізіп, қала әкімінен мамандар ЖСҚ құжаттарын қайта зерделеуден өткізуін сұранды. 4 бөбекжай балабақшасының жобалау-сметалық құжаттары демеушілер есебінен әзірленіп, бюджетке ұсынылған. Ағымдағы жөндеу бойынша, 2 мектеп пен 7 балабақшада жұмыстар биыл атқарылады, тағы 8 мектеп пен 1 балабақшаның құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған.
Қала әкімінің орынбасарлары Талғат Төлегенов бюджеттің игерілуі мен салық түсімдері, инвестиция тарту жоспарының орындалуы бойынша баяндама жасап, индикаторлық көрсеткіштері төмен бөлімдерге тоқталды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясының орындалуы, орталық көшелердің тазалығы мен абаттандырылуы, қоқыс алаңдарының жойылуы бағытында атқарылған тірліктердің есебін қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков ұсынды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы:
— Күтілген нәтижеге қол жеткізу үшін кез-келген мәселенің алдын-алу шараларын жүйелі жүргізу қажет. Жұмыс нәтижесін бермесе, демек жаңа бағыттар керек. Сіздер тек тапсырмалардың орындалуын баяндаумен шектеліп келесіздер. Жұмысты оңтайландырудың жаңа әдістерін неге ұсынбайсыздар? Кемшіліктер белгілі, оларды болдырмаудың жолы қайсы? Қалада қай жерде не орындалғанын, қалай атқарылғанын күнделікті өзім де аралап көріп жүрмін. Орындаушылықтан бастамашылдыққа өтетін кез келді, құрметті әріптестер! Уақыт — босаңсуды, халық еркелікті көтермейтінін ұмытпаңыздар, — деді өз сөзінде.
Мәжілісті қортындылай келе, қала басшысы күн тәртібіне орай көтерілген өзекті мәселелерге қатысты жаңа тапсырмалар белгілеп, бөлімдерге жұмысты ширатуды тапсырды.