Түркістанда 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітап шоу-2024» іс-шарасы өтті. Кешті Түркістан облысының құрметті азаматтары ашып берді. Жастарға кітап оқудың пайдасы туралы әңгімеледі.
Кітап мерекесіне Түркістан мен Кентау қалалық кітапханасы, Түркітілдес халықтар кітапханасы мен Сауран аудандық орталық кітапханалары да қатысып, келушілерге 9 сала бойынша арнайы жасақталған көрме-инсталляцияларын ұсынды.
Іс-шара барысында «Әдеби шаңырақ» айдарында ақын, дәстүрлі әнші, ХҚТУ-дің оқытушысы Жанғали Мұсаев пен ақын, ұстаз Әсел Бимырзаевамен сырлы сұқбат өтті. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында таңдалған Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары негізінде «Балалық шаққа саяхат» еңбегі бойынша Түркістан қаласы «АКА» «Арманда, кемелден, асқақта» шығармашылық орталығының өнерлі балалары көрініс көрсетті.
Кеш соңында «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова қорытынды сөз алып, қатысқан кітапхана басшыларына ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанованың алғыс хатын табыстады. Кітап күніне белсенді қатысқан өнерпаз балалар да кітапхана директорының алғыс хатымен марапатталды.