Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Түркістан қаласы әкімдігінде салтанатты жиын өтті. Қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев мәдениет саласында еңбек етіп жүрген өнер майталмандарын мерекемен құттықтап, қала әкімінің Алғыс хатын табыстады.
— Мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген баршаңызға қала әкімінің алғысын жеткізуге рұқсат етіңіздер. Рухани астанамыз — Түркістанның мерейі мәдениетімен мәнді, өркениетімен сәнді. Облыс орталығындағы барлық іс-шаралардың шырайы өздеріңіздің еңбектеріңізбен ашылатынын ел біледі, бағалайды. Сіздер төл өнеріміздің танылуына да өлшеусіз үлес қосып келесіздер, — деді Мекенхан Қозыханұлы өз сөзінде.
Сонымен қатар, мәдениет саласының ардагері Ұлжалғас Мұстафаева, Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрының директоры Арман Алиев, «Конгрес-холл» көпсалалы кешенінің директоры Асқар Кенехан, Түркістан музыкалық драма театр директорының орынбасары Алмат Сулейменов сөз алып, әріптестеріне құттықтауын арнады.