Бүгінгі лездемелік мәжілісте Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков осы халық нақылын тілге тиек етіп, сала басшыларына ескерту жасады. Оған себеп те жоқ емес.
Қала әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық бөлімі тарапынан ұсынылған кемшіліктерді арнайы мәжілісте саралап, бөлімдердің есебін тыңдаған қала басшысы мәселенің салдарымен емес, оның алдын алумен айналысу қажеттігін жиналысқа қатысушылардың есіне тағы да салды:
— Орындауға өздеріңіз ұсынған мерзімді бекіттім. Дегенмен, кей тапсырмалардың атқарылуы шегерілгенін көріп отырмын. Істеріңіздің де сөздеріңіздей тиянақты болуына күш салыңыздар. Халықпен санасайық, бірақ уақытпен санаспайық, құрметті әріптестер! — деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.
Қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшенов Қызылорда тас жолы бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарын аралаудың нәтижесінде ретсіз жарнамалар, заңсыз дүңгіршектер алынғанын және кәсіпкерлік нысандарының қоршауы реттелгенін баяндады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арман Оспан қала аумағында Жәңгір хан, О. Жарылқапов, Төле би, Сабырханов және Қ.А. Ясауи көшелерінде анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары басталғанын, Шекті тілеу, Т.Рысқұлов, Б.Майлин көшелерінде асфальт жабындысы бүлінген аймақтарды жөндеу жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Ержан Исмайлов кәріз жүйесінің құрылысы аяқталған көшелердің жолдарын реттеу бойынша атқарылған тірліктерді тізіп, есебін ұсынды.
Мәжіліс қорытындысымен тапсырма-жоспар тізімі жаңартылып қайта бекітілді.
Сонымен бірге, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жұмыс жоспарына сәйкес бүгін кезекті рет қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
7 азамат жеке мәселесін жеткізіп, тұрғын үй кезектілігі, жерді құжаттандыру, жұмысқа орналасу бойынша туындаған сұрақтарымен қала әкімінің көмегіне жүгінді.
Нұрбол Әбдісаттарұлы тұрғын үй қорынан баспана Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабы 1-тармағына сәйкес, барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген күннен тiзiмде белгiленген кезек ретiмен берiлетінін түсіндірді.
Жер мәселесін зерделей келе, жауапты мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Жұмысқа орналасуға ниетті азаматшаға заң аясында көмектесу сала жетекшісіне тапсырылды.
Жеке қабылдау нәтижесімен тапсырма-жоспар түзіліп, орындалуы бақылауға алынды.