Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің “Бекзат” секторында тұрғындармен өткен бүгінгі кездесуі барысында өз ризашылығын білдіргендер де, көкейлеріндегі ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтқандар да, кей мәселелерге қатысты шағымын жеткізгендер де болды.
Азаматтардың талап-тілегін тыңдаған шаһар басшысы өтініштердің бірде-бірі назардан тыс қалмайтынын баса айтты.
Әкімнің екі жыл бұрын бұл аумақта өткізген алғашқы кездесуімен салыстырғанда өтініштердің саны да азайып, азаматтардың арыздарында көтерілетін мәселелердің сипаты да өзгерген.
Бүгінгі басқосуда тұрғындар емханада дәрігер мамандардың тапшылығын тілге тиек етті. “Бекзат” секторынан “Отырар” шағын ауданына қоғамдық көлік бағытын ашуды, №3, №31А қоғамдық көлік бағыттарын қайта іске қосуды сұрады.
Ғ.Мұстафин мен М.Жұмабаев көшелеріндегі электр желісі мен ауыз су жүйесінің құбырларын жаңарту мәселесі көтеріліп, Қойшыбаев көшесінде мешіттің жанындағы ойын алаңшасына демалатын орын жасақтау ұсынылды.
Сонымен қатар, кәріз жүйесін жүргізу, қосымша аялдамалар, балалар ойын алаңшасын орнату, жолға асфальт төсеу жайы қозғалды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы биыл сектор аумағында кәріз жүйесінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын, жолдарға асфальт осы жоба аяқталып, бір жыл табиғи тапталу кезеңінен өткеннен соң ғана төселетінін айтып өтті. Әзірге жолдарға тек тас төселетіні түсіндірілді.
Қала әкімі жауапты мамандарға барлық өтініштер бойынша тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізуді, заңдылығын саралап, мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды.
Сонымен бірге, қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің секторлардағы кездесуі Бірлік секторында жалғасты.
Бірлік секторының тұрғындары жобадан тыс қалған үйлерді газдандыру, көшелерді көгалдандыру, су ұңғымасын қазу және екі көше аралығын қосатын жол өткелін салу бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Нұрбол Әбдісаттарұлы қала аумағындағы жаңа құрылыстарға және жобадан тыс қалған үйлерге газ құбырын тартуға бюджеттік өтінім ұсынылғанын айтты. Кездесу барысында көтерілген мәселелердің алдымен заңдылығы сараланып, кейін шешім қабылданатынын да жеткізді.
Ұсыныстар бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, орындалуын бақылауға қойды.