Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Түркістан қаласына ерекше мәртәбе беру туралы ұсынысы бойынша арнайы заң жобасы әзірленіп, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді.
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен алқалы мәжіліс аталған заң жобасында көзделген ерекшеліктерге арналды.
Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов Заң жобасы шеңберінде көзделген өзгерістер бойынша баяндама жасады.
Басқосуға арнайы қатысқан облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым және Үкіметтік емес ұйым өкілдері пікірлерін ортаға салып, қала дамуының ендігі мүмкіндіктері туралы сөз қозғады.
Жаңа Заң жобасы Түркістанның еліміздің рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуының, сондай-ақ оның мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді. Сонымен қатар, әлеуметтік — экономикалық дамуы мен туристік әлеуетін арттыруға тың серпін беріп, септігін тигізері анық.