Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » БАРЛЫҚ ӨТІНІШТЕР ЗАҢ АЯСЫНДА ЗЕРДЕЛЕНЕДІ

БАРЛЫҚ ӨТІНІШТЕР ЗАҢ АЯСЫНДА ЗЕРДЕЛЕНЕДІ

Түркістан қаласы, “Отырар” тұрғын алабында әкіммен кездесуге келген тұрғындардың басым бөлігі Жаңа қала аумағындағы көпқабатты үйлердің сапасын, ойын алаңшалары бойынша мәселе көтерді.
Бұл бағытта қала әкімінің ұйымдастыруымен соңғы 2 жылда бірқатар жұмыстар атқарылды. Арнайы штаб құрылып, жұмысшы топтар жасақталды. Нәтижесінде 89 көпқабатты үй зерделеніп, 37 ақаулық акті түзілді. Әкімдік тарапынан 13 мердігерге хат жолданып, кемшіліктер қалпына
келтірілді. Ал, 4 мердігер мекемеге соттың шешімімен айыппұл салынса, 7 мердігер мекеменің сот шешіміне сәйкес есеп шоттары бұғатталды.
Шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков:
— Барлық жұмыстың өз заңдылығы бар. Осы ретте баспана сапасына қатысты “әкімдік қалай қабылдаған” деген сұрақтар туындап жатады. Құрылыс сапасын техникалық қадағалаушы, авторлық бақылаушы
мекемелер тексеріп, қорытынды береді. Сол қорытынды негізінде құрылыс нысандары қабылданады. Қазіргі таңда қолданыстағы заңға сәйкес мердігер мекемелер кепілдік мерзіміне сәйкес ақаулықтарды
түзету жұмыстарын жүргізуде. Кепілдік мерзімі 5 жыл.
Біз үшін тұрғындардың жайлылығы маңызды. Олқылықтарға жол бермеу үшін мен құрылыс барысында азаматтық бақылауды күшейтуді
тапсырған болатынмын. Қазіргі таңда қала аумағында белсенді азаматтардың қатысуымен қадағалау жұмыстары күшейтілді. Нысандарды қабылдау алдында біз Сіздердің пікірлеріңізді тыңдаймыз, — деді.
Тұрғындардың талап-өтініштерін саралай келе қала әкімі сұрақтарға толымды жауап беріп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Сонымен бірге, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков алдын-ала бекітілген кестеге сәйкес тұрғындармен кезекті кездесуін бүгін “Отырар” секторынан бастады.
Атқарылған жұмыстарды баяндап өткен Нұрбол Әбдісаттарұлы қаланы дамытуда тұрғындар белсенділігі маңызды екеніне тоқталды.
Кемшіліктерді анықтауда, жұмысты жүйелеуде азаматтық жауапкершілік танытып жүрген тұрғындарға алғысын білдірді.
“Мәселе тоқтамайды, мәселе түрленеді. Ол тіршіліктің заңдылығы. Сіздер ұсыныстарыңызды айтыңыздар, біз жұмыс істейміз” деді шаһар басшысы өз сөзінде.

Пікір жазу