Түркістанда жазғы ашық алаң ойындары жалғасып жатыр. Тамыз айындағы кезекті жарыс қаладағы Отырар мөлтек ауданында өтті. Спорттық шарада 300-ге жуық үміткер бақ сынады. Секіргішпен секіру, ләңгі тебу, белтемірге тартылу және асық ату сияқты ойындардан жарыс өтіп, үздіктер анықталды. Жеңімпаздар маусымның қорытынды сайысына жолдама алып, жүлдегерлерге сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Спорттық ойындарды Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы» ұйымдастырып отыр. Аталған клубтың өз жұмысын бастап, облыс орталығындағы түрлі шараларға мұрындық болып, жүйелі жобаларды жүзеге асырып келе жатқанына 3 жылдан асты. Клубта шахмат, үлкен теннис, стритбол, қазақ күресі, футбол, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен үйірмелерде 24 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Қаламызда 6 сектор бойынша 130-дан астам ашық алаңшалар бар. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында секторда орналасқан ашық алаңдарда әр аптаның бейсенбі-жұма күндері «Жазғы демалыс спортпен» атты ұранмен Түркістан қаласы ашық алаң ойындары өткізіледі.