Бүгін Түркістанда 400 адамның қатысуымен тазалық шарасы өтті. «Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында өткен сенбілікке 13 техника жұмылдырылды. Әмір Темір, Төле би, С.Қожанов, О.Жандосов, С.Ерубаев көшелері мен Тәуке хан даңғылының бойындағы күл-қоқыстар шығарылып, қураған шөптер тазартылды. Ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілді.
Сенбілікке әжесімен бірге келген қаланың кішкентай 6 жасар тұрғыны Кәусар Әзизханқызы да тазалық жұмыстарына атсалысып, үлкендерге қолғабыс етті. Енді ғана мектеп табалдырығын аттаған қыздың әжесі Гүлнәр Дулатбекованың сөзінше, баланы тазалыққа үйрету – бүлдіршін кезінен басталуы тиіс. Тәрбие – тал бесіктен басталатындықтан әрбір ата-ана балаларын табиғатты қорғауға, қоршаған ортасын таза ұстауға бағыттауы қажет дейді. Сенбілік тек тазалық үшін ғана емес денсаулыққа да өте пайдалы физикалық қозғалыс екендігін алға тартты.
Қала әкімі бекіткен кестеге сәйкес, тазалық шарасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс орталығы аумағындағы кәсіпкерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар шаһар жұмысына белсенді үлесін қосуда.