Бүгінгі лездемелік мәжіліс 2025-жылы атқарылатын жұмыстарға арналды. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков секторлардағы өзекті мәселелерді саралап, даму жоспарына сәйкес, жоба құжаттарының дайындық сатысын тексерді.
Келесі жылы облыс орталығында инфрақұрылым құрылысы толық аяқталған 77 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Жаңадан қоныстанған аумақтарда тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 1 нысанға жобалау-сметалық құжат әзірленуде.
Қазіргі таңда, халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 3 нысанға ЖСҚ әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылды.
Қаланы сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 15 нысанның құрылысы жүргізілуде. Қосымша тағы 3 нысанның жобалау-сметалық құжаттары рәсімделуде. Жобалар қолдау тапқан жағдайда, қалада орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 33 690-ға жетіп, қамту көрсеткіші 72%-ды құрайтын болады.
Нұрбол Әбдісаттарұлы келесі жылға қаржы кешікпей бөлінуі үшін құжаттардың ерте ұсынылуы қажеттігін ескертті:
— Әлі де уақыт бар деп, арқаны кеңге салмаңыздар. Ерте қимылдағанның ертеңі еш кетпейді. Биыл кәріз жүйесінің құрылысы аяқталған көшелер келесі жылы асфальттануы керек. Жаңадан қоныстанған аймақтардың инфрақұрылым жүйесінің мәселесі де шешілуі тиіс, — деп, қала әкімі жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.