Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте заңсыз орналасқан кәсіпкерлік нысандар, ретсіз жарнамалар, жер мәселесі, құрылыс нысандары мен жол құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Аралау жұмыстары нәтижесінде Қызылорда тас жолы бойындағы 27 ретсіз жарнама, Кентау тас жолы бойындағы 10 ретсіз жарнама жойылған.
Шаһар басшысы тиісті мекеме басшыларына қаладағы тазалық жұмыстарын күшейтіп, Полиция басқармасымен бірлесіп рейдтік шаралар ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, қоғамдық көліктердің интервалына шағымдар бар екенін, осы мәселені реттеу керектігін, Ақтөбе, Шәуілдір, Алматы бағытындағы жолдардың кемшіліктерін жоюды тапсырды.
— Әлеуметтік желідегі тұрғындар өтінішін өзім толық қадағалап отырамын. Қала тұрғындарының өтініштері бірінші кезекте қолға алынып, мәселері бойынша жұмыстар жүргізілуі керек. «1310» Бірыңғай байланыс орталығына да тұрғындардың сұрақ-өтініштері бойынша жүйелі қызмет етуді тапсырамын. Берілген тапсырмалардың сұрауы бар екенін қатаң ескертемін, — деп қорытындылады қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.