Жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген жас мамандарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік ашу, жұмыссыз жүрген жастарға бос жұмыс орындарын ұсыну арқылы сұраныстарын қамту мақсатында бүгін Түркістан қаласындағы «FARAB» ғылыми-әмбебап кітапханасында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен, облыстық мансап орталығымен, облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесе бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып, өткізді. Іс-шара Түркістан қаласы әкімдігінің, кітапхана басшылығының және партияның қалалық филиалының қолдауымен өтті.
Партияның «Табысқа апарар жол» акциясы аясында жастардың кең тараған сұраныстарын қамтитын, олардың кәсіби даярлығын сарапқа салатын, жұмыс берушілер мен жастар арасында сындарлы байланыстар орнықтыратын алаңның жұмысын көріп, бос жұмыс орындарын ұсынушы мекемелердің өкілдерімен жүздесуге және жұмыс іздеген жастармен дидарласуға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, партияның Түркістан қалалық филиалының және Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсебаев қатысты.
Іс-шараның маңызына тоқталған Алтынсары Дүйсенбекұлы, дәл қазіргі кезең жоғары және техникалық-кәсіптік білім мекемелерінің түлектері дипломдарын алып, жұмысқа тұруды қарастыратын уақыты екенін айтты. Сондықтан да, бос орындар жәрмеңкесі жас мамандарға сапалы бағдар береді деген сенімін білдірді.
«Бүгінгі бос орындар жәрмеңкесіне 50-ден астам мекеме 200 астам бос жұмыс орындарын ұсынуда. Біз бүгінгі шараға қаламыздағы ірі кәсіпорындар мен өндірістік мекеме өкілдерін шақырдық. Сондай-ақ, облыс орталығында екі жоғарғы оқу орны бар. Онда 11 мыңнан астам жас білім алады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Халықаралық туризм және меймандостық университетінің бітіруші түлектері қатысуда. Туризм және меймандостық университетінің алғашқы түлектері жаңа өмірге қадам басты», — деп атап өтті.
Жәрмеңкеге қатысып, жұмыс орындарын ұсынған жергілікті мекемелердің қатарында медицина, білім және тәрбие беру ұйымдары, өндіріс орындары, банк филиалдары, мемлекеттік және жекеменшік коммуналдық ұйымдар болды. Мемлекеттік қызмет істері департаментінің өкілдері мемлекеттік қызметке орналасудың талаптары бойынша кеңестерін берсе, кәсіпкерлік палатасының өкілдері бизнес құрылымдарындағы жұмыс орындары, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету мүмкіндіктері жөнінде айтып берді.
Жұмыс іздеген жастарға «Алтын дала» қытайлық инвестициялық компаниясы да өздерінде бар мүмкіндіктерді таныстырып өтті. Ауылшаруашылығы саласы бойынша қызмет атқаратын компанияның өкілдері барлығы 80 бос жұмыс орындарын ұсынуға мүмкіндіктері бар екенін жеткізді. Компания офис қызметшілерін, қытай, ағылшын тілінің мамандарын, су сорғы жабдықтарымен жұмыс жүргізетін мамандарды, егістік алқаптарына қажетті жұмысшыларды, ауыр жүк көліктері мен ауылшаруашылығы техникаларының жүргізушілерін жұмысқа қабылдайтындықтарын мәлімдеді.
Айта кету керек, партияның «Табысқа апарар жол» акциясы партия филиалдарының үйлестіруімен облыстың барлық аудан, қалаларында жалғасын табатын болады.