Сайрам ауданы, Ақсукент ауылдық округіндегі «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы аясында қолға алынған 2 апталық оқу семинары сәтті аяқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өткені белгілі.
«Жоба бойынша еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырғанын атап өтіп, олардың көпшілігі 10 және одан да көп несие алған адамдар екенін айтты. «Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет»,- деген болатын.
Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру.
Оқу бағдарламасы бойынша мынадай санаттағы азаматтар оқытылуда:
- несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар;
- дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқ адамдар;
- жеңілдікпен несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер.
Қаражатты тиімді басқаруға бағытталған шара барысында, ауыл тұрғындары қаржы сарапшысының дәрісін тыңдады. Жобаға қатысушылар қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздар санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынын үйренді. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібі, салық есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы құнды ақпарат алды. Бұдан бөлек, банк есеп шоттары бойынша және қарыз алуда шығынды оңтайлы жолмен шешу жолдарын қарастыруға қатысты тәжірибелік кеңестер алды.
Жалпы «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы негізінде оқу семинарына ақсукенттік 279 адам қатысты. Оның ішінде, 245 азаматқа арнайы сертификаттар салтанатты түрде табысталды.
Айта кететін жәйт, бүгінгі таңға дейін аталған жоба аясында сертификат алған азаматтар қатары 623-ті құрайды.
Естеріңізге салайық, халықтың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған оқу семинары Ақбұлақ ауылдық округінде 14-18 қазан аралығында жалғасын табады.
Курсқа қаржылық сауаттылық курсын оқығысы келетін кез келген азамат қатыса алады. Қаржы алып мақсатты пайдаланғыңыз келсе, құжаттарды дұрыс рәсімдеуді үйренгіңіз келсе осы курсқа тегін қатысуды ұсынамыз.